Қай университет оқытушылары ең жоғары жалақы алады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат отырысында Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев университет оқытушылары қанша жалақы алатынын айтып берді.

ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеру бойынша Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы бар. Осы тапсырма аясында Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы шыққан болатын. Осы жылдың қыркүйек айы бойынша департамент мониторинг жүргізді. БҒМ-ге бағынысты 29 университетте тапсырма орындалды, - деді Тойбаев.


Ол ұлттық және мемлекеттік университет оқытушылары, аға оқытушылары, қауымдастық профессоры және профессор қыркүйек айында қанша жалақы алғаны туралы айтып берді.

Оқытушылар орташа есеппен 206 296 теңге, аға оқытушы 241 028 теңге, қауымдастық профессоры 282 045 теңге, профессор 376 957 теңге алады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көш бастап отыр. Бұл университетте қыркүйек айында профессор лауазымдағы мамандар шамамен 500 мың теңге алды, - деп атап өтті Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев.


Ол мониторинг жұмыстары жалғасатынын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы