Қай облыстарға инвестиция көп құйылған?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов хабарлады. Оның айтуынша, елде екі өңір инвестиция көлемі бойынша көш бастап тұр.

Екі аймақ 699,9 млрд теңге сомасына 28 жобамен көш басында тұр. Бұлар: Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары көрінеді.

Шығыс Қазақстанда 469,7 млрд теңге сомасы құрайтын инвестиция көлемімен 14 жоба енгізу жоспарланып отыр. Қарағанды облысында 230,2 млрд теңге инвестициямен 14 жоба іске қосылады, - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Министр сондай-ақ қырүйектегі жағдай бойынша жалпы сомасы 296 млрд теңгеге 28 жоба эксплуатацияға енгізілгенін айтты. Нәтижесінде 3,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылыпты.

Жобалардың дайындығы 80%-дан жоғары деңгейде 9 өңірде байқалып отыр. 6 аймақта іске асырудың қарқыны орташа. 2 аймақта – Қызылорда және Алматы облыстарында жобаларды эксплуатауияға енгізу 75% және 72% деңгеймен артта қалып отыр. 3,4 млрд теңгеге Нұр-Сұлтан және 8,2 млрд теңгеге Алматы қалаларындағы индустриялдық жобаларға салынатын инвестиция көлемі олардың экономикасының арақатынасынан аз болып табылады, - деді министр өз сөзінде.

Сондай-ақ ол Ақмола облысында 2020 жылы 42 млрд теңгеден 2021 жылы 3,9 млрд теңгеге дейін жобаларға инвестицияны 10 есе төмендету байқалғанын алға тартты. Осылайша, министр аталған аймақтар бойынша жұмысты белсендіру керек деп отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Бейбіт Атамқұлов елде индустрияландыру картасы аясында құны 1,2 трлн теңгені құрайтын 128 жоба іске қосылатынын айтқан еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы