Қауіпсіздік Кеңесі қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Президенттің Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев қылмысқа қарсы іс-қимыл және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Жиынға орталық мемлекеттік, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар басшыларының орынбасарлары, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың прокурорлары және өңірлік полиция департаменттерінің бастықтары қатысты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір аспектісі заң үстемдігінсіз және азаматтарымыздың қауіпсіздігіне кепілдіксіз сәтті іске асырылмайтынын ерекше атап өтті.

Жалпы, құқық қорғау жүйесі тиісті міндеттерді орындауда. Бұл биылғы 10 айдың ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің 2020 жылдың 10 айындағы көрсеткіші 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға азайғанын көрсетеді.

Бұл ретте, қарақшылық саны 53,9 пайызға, тонау – 48,5 пайызға, ұрлық – 51,0 пайызға, бұзақылық – 41,4 пайызға, зорлау – 36,2 пайызға азайды.

Сонымен қатар, құқықтық тәртіпті одан әрі нығайту мақсатында жұмысты жандандыруды қажет ететін құқық қорғау қызметінің бағыттарын анықтау жұмыстары жалғасуда.

Қатаң карантиндік шектеулер кезеңінде отбасылық-тұрмыстық салада жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Алаяқтық қылмыс деңгейі әлі де жоғары (27 мыңнан астам құқық бұзушылық). Қылмыс жасаудың мынадай тәсілдері кең таралған: телефон алаяқтығы және кибер-алаяқтық, сондай-ақ инвестициялық және өзге де қаржылық қызмет түрлерін сылтау ету арқылы қаржы пирамидаларын құру.

Соңғы жылдары қылмыстың жекелеген түрлеріне (мүліктік қылмыстардың сараланған құрамдары, жыныстық қатынас қылмыстары және т.б.) неғұрлым тиімді қарсы тұру үшін олар ауыр қылмыстар санатына ауыстырылды.

Ауыр қылмыстарды тіркеудің артуына себеп болған бұл заңнамалық өзгерістер сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарынан тиісті қылмыстық әрекеттерді ашу, жолын кесу және тергеп-тексеру жұмыстарындағы тәсілдерді жедел қайта қарауды талап етеді.

Осыған байланысты Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы құқық қорғау органдарының басшыларына ауыр қылмыс жасаған тұлғаларды анықтау жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру және осындай әрекеттер бойынша жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Әсет Исекешев азаматтардың көпшілігіне біле тұра мүліктік залал келтіруге бағытталған алаяқтықтың алдын алу және уақытылы жолын кесу қажеттігіне ерекше назар аударды.

Талқылау барысында жергілікті атқарушы органдардың басшылығына азаматтардың қауіпсіздігіне неғұрлым теріс әсер ететін қылмыс түрлері бойынша алдын алу шараларына ерекше назар аудару ұсынылды (көшеде және өзге де қоғамдық орындарда жасалатын пайдакүнемдік-зорлық қылмыстар, кәмелетке толмағандарға қарсы, сондай-ақ оларды қылмыстық іске тартумен байланысты қылмыстар).

Сонымен қатар, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев кеңеске қатысушыларға жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

2020 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларының саны (13 391-ден 10 408-ге дейін немесе 22,3 пайызға) және онда жарақаттанған (17 797-ден 13 599-ға дейін немесе 23,6 пайызға), қаза тапқан (1 846-дан 1 524-ке дейін немесе 17,4 пайызға) тұлғалардың саны едәуір азайғаны тіркелді. Алайда, бұл негізінен, қатаң карантиндік шектеулер кезеңінде көлік қатынасы қарқынының төмендеуіне байланысты.

Сонымен қатар, еліміздің жолдарындағы жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендердің саны әлі де көп болып отыр. Көлік жүргізушілерінің жол тәртібі сақтамауына және жол желісі қауіпсіздігінің төмен деңгейіне байланысты проблемалар сақталуда.

Осы ретте кеңеске қатысушылардың ой-пікірі заңға бағынуды насихаттау және қалалар мен ірі елді мекендердегі көше-жол желісін реттеу проблемаларын шешу үшін бірлескен шаралар қабылдауға бағытталды.

Жиын соңында Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы еліміздегі құқықтық тәртіпті жақсарту, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік беру және қоғамдағы қылмыстық деңгейді төмендету үшін қарастырылған мәселелердің  маңыздылығын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы