Катонқарағай мен Таврия ауылдарында жаңа қазандық салынады
Келесі жылы Катонқарағай мен Таврия ауылдарында жаңа қазандық салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ШҚО құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасының ақпараты бойынша, биыл облыста жалпы сметалық құны 11,8 млрд. теңге болатын жылумен жабдықтаудың 10 жобасы іске асырылып жатқанны айтты.
Бұл жобаларға бюджеттен 4,98 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен бөлінген 1,1 млрд. теңге көлеміндегі қаражат есебінен Риддер қаласының жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізіліп, жұмыстар толық аяқталды. Биыл облыста жалпы ұзындығы 25,8 км жылу желілеріне жөндеу жүргізілді.
«Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жалпы құны 3,6 млрд. теңгені құрайтын 4 жоба және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ұлан ауданының Таврия ауылы, Қасым Қайсенов кенті, Катонқарағай ауылындағы жылу желілері мен қазандықты салу және реконструкциялау бойынша жалпы құны 3,2 млрд. теңге болатын 4 жоба алдағы жылы жалғасады. Катонқарағай мен Таврия ауылдарында қазіргі қазандықтың орнына қуаты жоғары жаңа қазандықтар салынады. Сонымен қатар Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма кентінің сметалық құны 3,9 млрд. теңгені құрайтын жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту жөніндегі 1 жобаны іске асыру жалғасады, - деді ШҚО құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазанов.