Катонқарағайда көпбалалы аналар қолдау табуда

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Катонқарағайлық кәсіпкер Жанболат Қазанов туған ауылындағы тұрғын санын кемітпеуді ойлаған жандардың бірі. Өз қаржысына бес үй сатып алып, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға сыйлық жасаған кәсіпкер азамат Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тағы бір көпбалалы шаңырақты қуанышқа бөледі.

«Бақытты отбасы» ұлттық жобасы аясында іске асырылған шаралар нәтижесінде Катонқарағай ауданына қарасты Балғын ауылына тағы бір көпбалалы отбасы қоныс тепті. Бүгінде бес баланы тәрбиелеп отырған Надежда Константинова Ұлыстың ұлы күні қарсаңына өз шаңырағына ие болды. Туған ауылының дамуына үлес қосқан кәсіпкер азаматпен қатар балғындықтар да атсалысып жаңадан көшіп келген Надежданың үй тұрмысын реттеп, қажетті отын-көмірін жеткізіп берді. 

  «Барлық жандарға зор алғыс айтамын. Үлкен Нарын ауылында тұрдық. Балаларым жалаң аяқ жүгіріп, асыр салып ойнайтын жылы, үлкен үйіміз болса деп армандайтын едік. Бастысы, балаларым бақытты. Көршілерім, балғындықтар сондай мейірімді жандар, келіп көмектесіп жатыр. Бұдан былай біз үшін, балаларым үшін бақытты кезеңдер басталды деп ойлаймын. Жаңа үй жаңа өмірдің бастауы деп бекер айтпайды ғой. Баршаңызға көп рахмет!»  – деді қуанышы қойнына сыймаған Надежда.

Жалпы, ауданда мемлекеттік және қайырымдылыққа бағытталған бағдарламалар қарқынды жүзеге асырылуда.

«Nur Otan» партиясының аудандық филиалының төрағасы, Катонқарағай ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожиннің айтуынша, бұл іске әсіресе, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары бір адамдай бел шеше кіріскен көрінеді. Сондай жандардың бірі – Жанболат Қазанов. Балғын ауылының тумасы болып келетін атымтай жомарт бүгінде «Терезе» ЖШС директоры. Туған ауылына көпбалалы және аз қамтылған жанұяларды көшіру үшін ол өз қаражатына 5 үйді сатып алған. Оның біріне міне аудан орталығынан көшіп келген Надежда Константинова қоныстанды.  

«Бұл жанұяда бес бала тәрбиеленіп жатыр. Қазіргі таңда халықтың ауылды жерлерден қалаға көшіп жатқаны да жасырын емес. Бұл біз үшін өзекті мәселе. Сондықтан жергілікті мектептердегі оқушылар санын сақтау үшін, ауылға азаматтарды тарту мақсатында меценаттармен бірлесе көпбалалы және аз қамтылған жанұяларға осындай көмек көрсетуді жөн көрдік. Екі жаққа да тиімді шешім деп ойлаймын. Келісімшартқа сай, осы үйде бес жыл тұрғаннан кейін Надежда баспананы өз атына тегін аударып алады», – деп қосты Катонқарағай ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин. 

Көпбалалы отбасыға аудан әкімі өз атынан тоңазытқыш тарту етсе, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының қызметкерлері оларға қажетті азық-түлік, төсек жабдықтары мен басқа да тұрмысқа қажетті заттарды табыстады. 

«Өзім Балғын ауылының тумасы болғандықтан ауылымның жағдайын ойлаймын. Ондағы мектептің жабылып қалмау қамын ойлап осындай шешім шығарып отырмыз. Мектеп жабылса ауылдың құрдымға кеткені дей беріңіз. Осы себепті өз ақшамызға бес үй сатып алдық. Ал оларға қандай отбасыларды орналастыратынын аудан әкімдігінің өзі шешеді. Аудан билігі жан-жақтағы осындай көмекке зәру отбасылармен тиісті жұмыстар жүргізіп, ниет білдіргендерін көшіріп әкеп жатыр. Біз өз тарапымыздан оларға баспанамен қатар тұрмыстық заттарды, сондай-ақ төрт түлікті сатып алып бердік», - дейді Жанболат Қазанов.

Осылайша ауылының қамын ойлаған кәсіпкер бұл жолы өз есебінен 5 миллион теңгеден астам қаржы бөлген. Жалпы, қайырымдылық шарасын осымен ғана шектемейтін асыл азамат осыған дейін де ауылдағы адамдарға қолдан келер көмектерін аямағанын айтады.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы