Катарда жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқығы қорғалады
Мәжіліс Қазақстан мен Катар үкіметтері арасындағы еңбек миграциясына қатысты келісімді мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл құжатқа 2024 жылдың 14 ақпанында Дохада қол қойылған болатын.
Келісім Қазақстан азаматтарының Катарда ресми түрде жұмыс істеуіне жол ашып, олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.
Құжатқа сәйкес, Катардағы жұмыс берушілер қазақстандық қызметкерлерге мынадай жағдай жасауға міндетті:
• Қазақстаннан Катарға және кері қайту әуе билеттерін төлеу;
• жиһазбен жабдықталған тұрғын үй немесе тұрғын үйге арналған жәрдемақы беру;
• тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейін тасымалдау немесе жолақысын өтеу;
• жыл сайын кемінде үш апталық демалыс және қосымша үш күндік еңбек демалысын қамтамасыз ету.
Еңбек шарты бұзылған жағдайда немесе төтенше жағдайлар туындаса, қазақстандықтарды елге қайтару тәртібі қарастырылған.
Сондай-ақ, келісімді іске асыруды үйлестіру үшін екі елден үш-үштен өкіл кіретін бірлескен комитет құрылмақ. Ол жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін қарастыруға, ақпарат алмасуға және туындайтын дауларды шешуге жауапты болады.
Бұл процесті Қазақстан тарапынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ал Катар жағынан Еңбек министрлігі қадағалайды.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері Катарда ресми түрде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың саны 710 адамды құрайды.
Еске салайық, бұған дейін сарапшы "Катарға жасалған соққы аймақтағы жаңа қақтығыстың бастауы ма?" деген сқраққа жауап берген болатын.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта Катарда шамамен 1,5 мың Қазақстан азаматы бар екенін хабарладық.