Әкімшілік кассациялық сотқа 1 жыл толды: Сот жүйесінде не өзгерді?
Бір жыл ішінде кассациялық сот сот қателіктерін түзетудің маңызды тетігіне айналды.
Қазақстанда әкімшілік істер жөніндегі дербес кассациялық соттың құрылғанына бір жыл толды. Бұл өзгеріс сот жүйесіне не әкелді? Қандай нәтиже берді? Осы және өзге де сұрақтарға Әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық сотының судьясы Лаура Қайырбаева BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.
- Лаура Еркінқызы, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрылуы не үшін қажет болды?
- Бұл соттың құрылуы – Қазақстандағы сот жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңдерінің бірі. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап мамандандырылған кассациялық соттардың іске қосылуы сот актілерін қайта қараудың жаңа моделіне көшкенімізді көрсетті. Бұл модельдің басты мақсаты – азаматтардың сот арқылы қорғану мүмкіндігін кеңейтіп, әділ сот төрелігінің тиімділігін арттыру.
- Бұған дейін кассациялық сатыға қол жеткізу қиын болды ма?
- Иә, бұрын кассациялық шағым беру мүмкіндігі шектеулі еді. Мұндай өкілеттіктердің барлығы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында шоғырланған болатын. Онда шағымдарды іріктеп қабылдау жүйесі жұмыс істеді. Соның салдарынан көптеген азаматтар мен заңды тұлғалардың істерін қайта қарату мүмкіндігі тар болды. Ал дербес кассациялық соттардың енгізілуі және жаппай кассация тетігіне көшу бұл кедергілерді жойды.
- Жаңа соттың құрылуы сот жүйесіндегі міндеттерді қалай өзгертті?
- Бұл жерде маңызды өзгеріс бар. Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрылуы әкімшілік әділет жүйесінің заңды жалғасы болды. Кассациялық соттар енді сот актілерінің заңдылығын тексеруге шоғырланды. Ал Жоғарғы Сот құқықтық ұстанымдарды қалыптастыратын және құқық қолданудың біркелкілігін қамтамасыз ететін орган рөлін күшейтті.
- Бір жыл ішінде бұл соттың жұмысы қандай нәтиже көрсетті?
- Нәтиже жаман емес, керісінше сұраныс жоғары екенін көрсетті. Бұл сот алдыңғы сатыларда жіберілген қателіктерді түзететін нақты механизмге айналды. Ол тек заң нормаларының сақталуын ғана тексеріп қоймай, шешімдердің әділ болуына да назар аударады. Бұл азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғауды күшейтті.
- Кассациялық шағым беру мүмкіндігі қаншалықты кеңейді?
- Бұл – ең үлкен өзгерістердің бірі. Енді алдын ала сүзгілерсіз тікелей кассациялық шағым беруге болады. Яғни кез келген тарап өз ісін қайта қарауға мүмкіндік алады. Бұл жүйені адамдарға жақындатып, сотқа деген сенімді арттырды.
- Бұл сот бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыруға әсер ете ме?
- Әрине. Кассациялық сот көптеген әкімшілік істі қарай отырып, нақты құқықтық ұстанымдар қалыптастырады. Бұл ұстанымдар төменгі сатыдағы соттар мен әкімшілік органдар үшін бағдар болады. Соның арқасында құқық қолдану бірізденіп, қарама-қайшы шешімдердің саны азаяды.
- Қандай қиындықтар байқалды?
- Әрине, қиындықтар да жоқ емес. Ең бастысы – сотқа түсетін жүктеме артты. Өтініштер саны көбейген сайын ұйымдастыру мәселелерін жетілдіру қажет болып отыр. Сонымен қатар бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың ұстанымдары кейде әртүрлі болып жатады. Бұл біркелкі тәжірибе қалыптастыруды қиындатады. Тағы бір маңызды мәселе – әкімшілік рәсімдердің сапасы. Себебі сотқа дейінгі кезеңдегі кемшіліктер кейін сот дауына айналады.
- Жалпы, бұл реформаның құқықтық жүйеге әсері қандай?
- Қазірдің өзінде оның әсері байқалып отыр. Кассациялық сот сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін қосымша бақылауға мүмкіндік беретін маңызды буынға айналды. Бұл – қазіргі сот төрелігі жүйесінің ажырамас бөлігі.
- Алдағы уақытта бұл жүйе қалай дамиды?
- Болашақта бұл институтты одан әрі дамыту көзделіп отыр. Ең алдымен, сот тәжірибесін тұрақтандыру, істерді қарау сапасын арттыру және әкімшілік органдармен өзара іс-қимылды күшейту маңызды. Осы бағыттар жүйелі түрде жүзеге асса, сот арқылы қорғану тиімділігі артып, құқықтық жүйенің тұрақтылығы нығаяды. Ең бастысы – қоғамның сотқа деген сенімі күшейеді.
- Әңгімеңізге рахмет!