21 Қыркүйек 2026, 14:15 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Кассациялық сот 1 700-ден астам адамға қатысты істі қайта қарап, жүздеген үкімді өзгертті

Жаңа жүйе сот актілерін қайта қарау мүмкіндігін кеңейтті. Бір жылда жүздеген адамның құқығы қалпына келтірілген.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сот реформасының нәтижесінде 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда кассациялық соттар құрылды.

Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыстық істер бойынша кассациялық соттың айрықша ерекшелігі – «жаппай кассацияның» енгізілуі болды. Бұл жүйе бойынша барлық қылмыстық істер судьялардың алдын ала қарауынсыз қайта қаралуға жатады.

Кассациялық соттың бөлек құрылып, «орталыққа» шоғырлануы республика бойынша бірыңғай сот практикасын қалыптастыруды көздейді.

Осы жағдайда, Бас прокуратура қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарын тиімді қорғауға, адам құқықтары мен бостандықтарының негізсіз шектелуіне жол бермеуге және құқық қолданудың бірыңғай практикасын қалыптастыруға бағытталған құқық қорғау функциясын жүзеге асырады, - делінген хабарламада.

Прокурорлар мемлекет мүддесін қорғауға ғана емес, сонымен қатар сотталғандардың және қылмыстық процестің басқа да қатысушыларының бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған.

Кассациялық өндіріс сатысында істі зерттейтін және сот отырысына қатысатын прокурор төменгі сатыдағы прокурорлардың ұстанымдарын формальды қолдаумен шектелмей, сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін дербес және бейтарап бағалайды.

«Жаппай кассацияның» енгізілуі қайта қаралған қылмыстық істер санының екі есе артуына мүмкіндік берді. Кассациялық соттың бір жылдық жұмысы барысында 1 717 адамға қатысты 1 320 қылмыстық іс қайта қаралды. Бұл ретте, сот актілерінің 30%-ы, соның ішінде прокурорлардың қорытындылары бойынша өзгертілді немесе күші жойылды.

Процесс қатысушыларының шағымдары бойынша 381 адамға қатысты сот актілерінің күші жойылды және өзгертілді. Олардың ішінде 10 сотталған толықтай, 15-і ішінара ақталды.

Прокурордың наразылықтары бойынша 182 сотталғанның жағдайы жақсарды, 5 адам ақталды. Жекелеген жағдайларда сотталғандардың іс-әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылықтардың онша ауыр емес құрамына қайта сараланды, жазасы жеңілдетілді нежазаның неғұрлым жеңіл түрі тағайындалды, қосымша жазалардың күші жойылды, түзеу мекемесінің түрі өзгертілді, қылмыстың қайталануы алынып тасталды, - деп хабарлады Бас прокуратура.

Кассациялық қайта қараудың негізгі принциптерінің бірі – соттарда қылмыстық процеске қатысушылардың қорғалу құқығын қамтамасыз ету.

Мәселен, бір қылмыстық іс бойынша сот ісінің басқа мекемеде жазасын өтеп жатқан және жеке қатысуын қамтамасыз етуді сұраған сотталушының қатысуынсыз өткізілгені анықталды. Нәтижесінде ол сот талқылауына қатысу, өтініштер беру, жарыссөзге қатысу және соңғы сөз сөйлеу құқығынан айырылды.

Басқа жағдайда, сот кәмелетке толмағанға қатысты істі қарау кезінде қорғаушының жарыссөзге қатысуын шектеген.

Аталған бұзушылықтар заңды күшіне енген сот актілерінің күшін жоюдың міндетті негіздері болды.

Мұндай фактілердің түбегейлі маңызы бар, себебі қылмыстық процесте қорғаушының қатысуы формальды сипатта болмауы тиіс, қорғау тарапы өз ұстанымын толық баяндауға және соттан тиісті баға алу мүмкіндігіне ие болуы керек.

Сонымен қатар прокурор қылмыстық процестің кез келген сатысында жазаның бұлтартпастығы принципінің сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.

Қарастырылған істердің талдау нәтижесі бірыңғай тәсілдерді жетілдіруді және қалыптастыруды талап ететін құқық қолдану практикасының мәселелерін көрсетті.

Атап айтқанда, Бас прокуратура кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғу кезіндегі әрекеттерді дұрыс сараламаудың фактілерін анықтады.

Күдіктілердің әрекеттерінде ауыр қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгілері болса да, олар жыныстық сипаттағы тиісу және аздыру ретінде сараланғандықтан, прокурорлардың наразылықтары бойынша 8 адамға қатысты сот актілерінің күші жойылып, істер жаңадан сот қарауына жіберілді.

Мысалы, Ж. 9 жасар қызды азғырғаны үшін сотталған. Кассациялық сот Бас прокуратураның наразылығы бойынша сот актілерінің күшін жойды. Іс жаңадан қаралғанда Ж. жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, - деп хабарлады ведомство.

Мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау саласында прокуратура органдары заңсыз алынған мүлікті және қылмыстық кірістерді толық тәркілеуді қамтамасыз ету бойынша шараларды қолдануда.

Ағымдағы жылы қаражатты мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы 17 наразылық енгізілді. Мәселен, сотталған Е.-ден оның ұйымдастырған заңсыз ойын бизнесінен алынған қылмыстық кірісі тәркіленбеген. Прокуратураның наразылығы бойынша мемлекет кірісіне 2,8 млрд теңге өндіріп алынды. Тағы 4 қылмыстық іс бойынша мемлекет кірісіне 141 млн теңге өндірілді.

Осылайша, Бас прокуратура кассациялық қайта қарауға қатысу арқылы әрбір іске жеке баға беруді қамтамасыз етіп, бұзылған құқықтардың қалпына келтіруіне қол жеткізуде және бір мезетте мемлекет мүдделерін қорғау шараларын қабылдап, қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен жазаның бұлтартпастығы принципі арасында әділ тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.