Құтқарушылар Каспийге батып кеткен жасөспірімдердің денесін тапты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Құрыққа батып кеткен 17 жастағы қыз бен 16 жастағы жігіттің денелері табылды, деп жазды инАктау сайты.
Маңғыстау облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 5 тамыз күні Құрықта болды.
2002 және 2003 жылы туған бойжеткендер мен 16 жастағы жігіт дауылды күні теңізге шомылуға барған. Кейіннен із-түзсіз жоғалып кеткен. Құтқарушылар бүгін таңертең жігіттің және қыздардың біреуінің денесін тауып алған.
«Сағат 8.09 бірінші болып судан 2003 жылғы қыздың денесі табылды. Артынша сағат 9.10-да жағалаудан 150 метр қашықтықта жас жігіттің денесі табылды. Екінші қызды іздеу жұмыстары әлі жүргізілуде», - деп хабарлады құтқарушылар.
Айта кетейік, дәл сол күні Каспий теңізінде 28 жастағы жігіт қаза болды. Қайғылы жағдай «Самал» демалыс базасының территориясында болған. Жігіттің денесін туыстары өз күштерімен шығарып алған.