15 Шілде 2026, 20:10 Фото: видеодан скриншот

Каспийдегі қайғылы жағдай: Жоғалған жасөспірімнің денесі табылды

Каспий теңізінде жоғалған жасөспірімді іздестіру жұмыстары аяқталды.

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жабдықталмаған жағалауында шомылу кезінде із-түзсіз жоғалған жасөспірімді іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Бүгін Ақтау қаласынан 51 шақырым жерде ТЖМ қызметкерлері жағалаудан шамамен 10 метр қашықтықтан жасөспірімнің денесін тауып, судан алып шықты. Кейін мәйіт полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Іздестіру жұмыстарына ТЖМ құтқарушылары, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің, Әскери-теңіз күштерінің, Полиция департаментінің қызметкерлері, «YKK Kazakhstan LLP» ЖШС мамандары, еріктілер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Жалпы операцияға 253 адам, 100-ге жуық техника, жүзу құралдары, ұшқышсыз ұшу аппараттары және ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» авиациясының екі тікұшағы қатысты.

Іздестіру жұмыстары Каспий теңізі акваториясының ауқымдылығына, теңіз түбінің күрделі бедеріне, су астындағы көріну қашықтығының төмен болуына, теңіз ағындары мен жел жағдайына байланысты күрделене түсті. Ағындардың бағыты мен судың қозғалысы үнемі өзгеріп отырғандықтан, акваторияны тексеру сүңгуірлерді, ұшқышсыз ұшу аппараттарын және ТЖМ авиациясын тарта отырып, су беті мен әуеден бірнеше рет қайталанып жүргізілді.

Куәгерлердің айтуынша, екі жасөспірім жабдықталмаған жағалау учаскесінде SUP-бордпен серуендеген. Кейін олар құтқару кеудешелерін шешіп, суға түсуге шешім қабылдаған. Жасөспірімдердің бірі құтқарылса, екіншісі суға батып кеткен.