Каспий түбіндегі кабельден мектептегі жасанды интеллектіге дейін: 2026 жылы не өзгерді?
Биыл Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбімен тартылған талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты. Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтары шоғырланатын кешеннің құрылысы басталды. Ал 200 мыңнан астам педагог ChatGPT-дің білім беру ұйымдарына арналған нұсқасына қол жеткізді.
Каспий арқылы 380 шақырым байланыс кабелі тартылды
15 қазанда Қазақстан мен Әзербайжан президенттері Каспий теңізі арқылы өтетін алғашқы суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты. Кабельдің ұзындығы – 380 шақырым. Желінің жобалық өткізу қабілеті секундына 400 терабиттен асады.
Министрлік мәліметінше, соңғы үш жылда Қазақстанның телекоммуникация саласына салынған инвестиция 1 трлн теңгеден асты. Осы кезеңде мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 75%-ға артып, интернет-трафик көлемі 67%-ға өсті.
Цифрлық инфрақұрылым саласындағы тағы бір жоба Екібастұзда қолға алынды. Қалада деректерді өңдеу орталықтары шоғырланатын кешеннің құрылысы басталды.
200 мыңнан астам педагог ChatGPT Edu-ға қол жеткізді
Қазақстанда OpenAI компаниясымен бірлесіп, педагогтерге арналған ChatGPT Edu енгізіліп жатыр. Білім беру ұйымдарына бейімделген осы нұсқаға 200 мыңнан астам мұғалім мен оқытушы қол жеткізді.
1 қыркүйекте шағын жинақты мектептерге жасанды интеллект енгізу бойынша пилоттық жоба басталды. Бастама жасанды интеллект саласындағы халықаралық сарапшы Кай-Фу Лимен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Қыркүйекте өңірдегі жасанды интеллект саласына маманданған алғашқы жоғары оқу орны – Qazaq AI Research University алғашқы студенттерін қабылдады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 1 млн-ға жуық адам жасанды интеллектіні қолданудың негіздерін үйренді. Биыл оқытуда жасанды интеллектіні білім беру, бизнес және мемлекеттік басқару салаларында іс жүзінде қолдануға басымдық берілді.
Ұйым басшылары үшін Stanford HAI және OpenAI Academy-мен бірлесіп AI Leaders бағдарламасы өткізілді. Оған 150-ден астам ұйымнан 800-ден астам адам қатысты. Бағдарлама барысында қатысушылар компаниялар мен мемлекеттік органдарға жасанды интеллект енгізудің 100-ден астам стратегиясын әзірледі.
Цифрлық кодекс қабылданып, жасанды интеллект туралы заң күшіне енді
2026 жылдың бірінші жартысында цифрлық салаға қатысты заңнамалық өзгерістер топтамасы қабылданды. Жаңа Конституцияда дербес деректер мен азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау бекітілді. Сондай-ақ Цифрлық кодекс, киберқауіпсіздік туралы заң және телекоммуникация саласы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға бағытталған түзетулер қабылданды.
18 қаңтардан бастап «Жасанды интеллект туралы» заң қолданысқа енді. Заңның негізіне адамның құқықтары, бостандықтары мен әл-ауқатына басымдық беру қағидаты алынған.
Биыл Қазақстан халықаралық технологиялық компаниялармен және инвесторлармен де ынтымақтастықты кеңейтті. Министрлік Қазақстанмен жұмыс істейтін компаниялар мен ұйымдар қатарында Binance, OpenAI, Meta, SpaceX, Amazon, Microsoft, G42, NVIDIA, Telegram, ByteDance, Huawei, General Atlantic, Network School және 01.AI-ды атады.