Бүгiн 2026, 13:51 Фото: ҚР ТЖМ

Каспий жағасында құтқарушылар үшін ерекше демалыс кешені салынады

Кешен құтқарушылардың тынығуы мен күш жинауына арналған арнайы форматта салынып жатыр.

Ақтауда Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлеріне арналған Қазақстандағы алғашқы «112 Resort Aktau» resort-кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Жоба Каспий теңізінің жағалауында ТЖМ министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің бастамасымен және қазақстандық құтқарушылардың жеке қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Құрылысқа арналған жер телімін жергілікті атқарушы органдар бөлген.

Алғашқы кезеңде әкімшілік блок, капсулалық үйлер, бассейндер, спорт алаңдары мен серуендеу аймақтары салынады деп жоспарланған. Кейін кешен аумағында қонақүй, SPA-орталық, теннис корты, пирс, workout-алаңы, кафе және отбасылық демалыс аймақтары бой көтереді.

Жоба құтқарушылар қызметінің ерекшелігі мен ауыр жұмыстан кейін толыққанды тынығу қажеттілігі ескеріліп әзірленген.

База аумағында ТЖМ жедел-құтқару жасағы мен Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлерінен құралған әмбебап құтқару бөлімшесін орналастыру да жоспарланып отыр. Бұл тұрақты түрде жедел әрекет ету дайындығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жеке құрамның дайындықтан өтуі мен қалпына келуіне де жағдай жасайды.

Біз қызметкерлеріміз бен олардың отбасылары үшін лайықты жағдай жасауымыз керек. Құтқарушылар тәулік бойы қызмет етеді, күрделі жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан олардың толыққанды тынығып, жақындарымен уақыт өткізуіне мүмкіндік болуы қажет, – деді Шыңғыс Әрінов.

Құрылыс аяқталғаннан кейін кешен ТЖМ қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне қолжетімді болады.

Ведомство мәліметінше, Қазақстанда құтқарушыларға арналған осындай демалыс және қалпына келтіру форматы алғаш рет жүзеге асырылып жатыр.