5 Қазан 2026, 18:35 Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Каспий теңізінің тартылуы мен ластануы: Маңғыстауда жағалау, экономика және халық үшін туындайтын қатерлер талқыланды

Ақтау қаласында Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған Каспий теңізі жөніндегі жоғары деңгейдегі диалог өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастықтың, азаматтық қоғам мен жеке сектордың өкілдері қатысты.

Қатысушылар өзара байланысты бірқатар бағыттарды талқылады: теңіз деңгейінің төмендеуі, су теңгерімінің өзгеруі және геологиялық тәуекелдер, биоалуантүрлілікті сақтау және экожүйелердің орнықтылығы, ластану, теңіз қоқыстары және циркулярлық экономика. Азаматтық қоғамның қатысуына және қолжетімді гранттық мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды.

«Қазақстан үшін Каспий – елдің экологиялық, әлеуметтік және экономикалық дамуының аса маңызды бөлігі, жағалаудағы қауымдастықтардың тіршілік көзі әрі бес мемлекетті байланыстыратын ортақ кеңістік. Сондықтан Қазақстан жекелеген экологиялық проблемаларды талқылаудан жүйелі әрі үйлестірілген іс-қимылдарға көшу қажеттігін дәйекті түрде қолдап келеді.

Жапония Үкіметі қаржыландыратын БҰҰДБ бірлескен жобаны іске асыру Каспий теңізіне қатысты шешімдер қабылдаудың ғылыми-техникалық негізін нығайтуға және Солтүстік Каспий мен оған құятын негізгі өзендердің жай-күйі туралы неғұрлым нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл жоба Қазақстан «Каспий достары» қозғалысы аясында дамытуды ұсынып отырған ынтымақтастықтың алғашқы практикалық үлгілерінің біріне айналуы мүмкін. «Каспий достары» – Каспий теңізін сақтау жөніндегі ортақ міндет төңірегінде Каспий маңы мемлекеттерін, халықаралық ұйымдарды, қаржы институттары мен донорларды біріктіруге бағытталған ашық әріптестік бастама», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров.

Каспий теңізі – Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан бірегей экожүйе әрі жағалау маңындағы елдердің экономикалық қызметінің маңызды орталығы. Оның деңгейінің төмендеуі климаттың жылынуы мен буланудың күшеюін, жауын-шашын мен өзен ағыны режимінің өзгеруін, сондай-ақ су шаруашылығы қызметін қоса алғанда, бірқатар факторлардың әсерінен су теңгерімінің өзгеруімен байланысты. Ластанумен, биоалуантүрліліктің азаюымен және экожүйелердің деградациясымен ұштасқан бұл үдерістер жағалау маңындағы қауымдастықтар мен Каспийге тәуелді экономика салалары үшін қосымша тәуекелдер туғызады.

Жоғары деңгейдегі диалог аясында Жапония Үкіметі қаржыландыратын және БҰҰДБ Қазақстан Үкіметімен әріптестікте іске асыратын «Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі жағдайында су ресурстарын басқару әлеуетін нығайту» атты жаңа жобаның ресми іске қосылуы өтті. Жоба аясында Каспий маңы мемлекеттері сарапшыларының қатысуымен бірлескен зерттеулер жүргізу және өңірлік ғылыми-үйлестіру платформасын құру жоспарланған. Бұл Каспий теңізінде болып жатқан үдерістерді неғұрлым кешенді түсіну үшін деректер мен сараптамалық білімді біріктіруге мүмкіндік береді.

«Аталған жобаның негізгі бағыттары «Каспий маңы елдерінің ынтымақтастығын нығайту үшін платформа құру» және «ғылыми мониторинг жүргізу, трансшекаралық деректер алмасуға, диалогқа және бірлескен іс-қимылдарға жәрдемдесу» болмақ. Жапония су ресурстарын басқару, табиғи апаттардың алдын алу және қоршаған ортаны қорғау сияқты салаларда мол тәжірибе мен білім жинақтады. Сонымен қатар, елдің бақылау және деректерді талдау технологиялары саласында айтарлықтай мүмкіндіктері бар. Біз бұл тәжірибе мен технологияларды аталған мәселені шешу үшін тиімді пайдалануға болады деп есептейміз», – деп атап өтті Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ясумаса Иидзима.

Жобаның негізгі бағыттарының бірі Қазақстанның Солтүстік Каспийді мониторингтеу әлеуетін күшейту болмақ. Осы мақсатта «Қазгидромет» РМК, «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КеАҚ (ҚазКТҒЗИ) және басқа да ұлттық серіктестермен бірлесіп қолданыстағы бақылау желісі мен деректердегі олқылықтарға бағалау жүргізіледі. Оның негізінде қолданыстағы инфрақұрылым мен жағалау сызығының жалғасып жатқан өзгерістерін ескере отырып, басым бақылау нүктелері және заманауи жабдықтарға деген қажеттілік айқындалады. Жоба сондай-ақ ҚазКТҒЗИ-ды мониторингтік және зертханалық жабдықтарды жаңартуда және мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуда қолдайды.

Жаңа деректер теңіз деңгейінің, өзен ағынының, су температурасы мен тұздылығының, сондай-ақ буланудың өзгерістерін дәлірек бақылауға мүмкіндік береді. Метеорологиялық ақпаратпен, тереңдік туралы деректермен және спутниктік бақылаулармен бірге олар модельдерді жетілдіру, Каспий теңізі деңгейінің өзгерістерін болжау, сондай-ақ жағалау инфрақұрылымы мен экожүйелер үшін онымен байланысты тәуекелдерді бағалау үшін пайдаланылатын болады.

Әзірленген мониторинг схемасы ұлттық серіктестерге бақылау желісін одан әрі дамыту мен қаржыландыруды жоспарлауға көмектеседі. Жоба сондай-ақ құрылған жүйенің жоба аяқталғаннан кейін де тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жабдықтарды одан әрі пайдалану мәселелеріне назар аударады.

«Каспийдің болашағы онда болып жатқан өзгерістерді қаншалықты жақсы түсінетінімізге тікелей байланысты. Ол үшін сенімді ғылыми деректер, заманауи мониторинг технологиялары және деректерді негізделген шешімдерге айналдыруға мүмкіндік беретін құралдар қажет. Каспий – біздің ортақ жауапкершілігіміз, сондықтан оны сақтау және орнықты болашағын қамтамасыз ету үшін білім мен деректер алмасу, іс-қимылдарды үйлестіру және барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру қажет. «Каспий достары» бастамасы ортақ міндет – Каспий теңізін сақтау жолында білімді, тәжірибені және серіктестікті біріктіретін осындай өзара іс-қимыл алаңына айнала алады», – деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.

Ақтаудағы іс-шара бірегей Каспий экожүйесін сақтау жөніндегі ортақ міндет төңірегінде мүдделі тараптар – ұлттық серіктестер, халықаралық ұйымдар, ғылыми қоғамдастық, қаржы институттары, азаматтық қоғам және даму жөніндегі серіктестер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастама шеңберіндегі алғашқы іс-шара болды.

Айта кетейік, 2026 жылғы қарашада Антальяда (Түркия) өтетін COP31 аясында «Каспий достары» бастамасын халықаралық серіктестерге таныстырып, өңірлік бастамалардан бірлескен іс-қимылдарға көшу жөніндегі диалогты жалғастыру жоспарланып отыр.