Каспий теңізін құтқаруға бағытталған жаһандық қозғалыстың тұсауы кесілді

Қазақстандық экология белсенділері, ғалымдар және қоғамдық пікір көшбасшылары "Save the Caspian Sea" (Каспий теңізін құтқарайық) атты жаңа жаһандық қозғалысты бастап, сол арқылы халықаралық қауымдастықты Каспий теңізінің өсіп келе жатқан экологиялық дағдарысын шешуге шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан, Ресей, Түрікменстан, Иран және Әзірбайжанның 270 миллионнан астам халқына ортақ Каспий теңізі бір кездері ең үлкен тұйық су айдыны болды. Алайда қазір оған қауіп төніп тұр. Жыл сайын судың деңгейі алаңдатарлық жылдамдықпен 70 сантиметрге дейін төмендеп, теңіздің Қазақстанға тиесілі жағалау сызығының 18 шақырымға дейін шегінуі байқалуда. Ғасырдың соңына қарай теңіз тағы 18 метрге қысқарады деген болжам бар. 

Бұл өз кезегінде жағалаудағы тұрғындар, жергілікті экономикалар мен экожүйелер үшін апатты салдарға әкеліп соғады. Қазірдің өзінде дағдарыс сирек кездесетін Каспий итбалықтарының жаппай қырылуынан анық байқалады: соңғы екі жылда 4000-нан астам өлекселердің табылғаны алдағы экологиялық апаттың ауыр көрсеткіші болып табылады.

Жылдар бойы жүргізілген талқылауларға, өткізілген жиындарға және үкіметтік емес ұйымдардың шашыраңқы әрекеттеріне қарамастан, жағдай нашарлап барады. Каспий теңізі маңызды бетбұрыс кезеңде тұр және біздің жасайтын таңдауымыз оның болашағын анықтамақ. Мүдделі тараптардың, соның ішінде Каспий жағалауындағы ел үкіметтерінің, өнеркәсіптің және қауымдастықтардың күш-жігерін біріктіретін уақыт келді, — деді қоршаған орта және климат жөніндегі заңгер, Әлеуметтік-экологиялық қордың директоры және "Safe the Caspian Sea" негізін қалаушы Вадим Ни.

Аталған дағдарысты шешу үшін жаһандық тәжірибе де сараланады.

Біз Каспий теңізінің болашақ үшін өмір мен өркендеудің көзі болып қалуын қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты күшейтуге, ашықтықты сақтауға және инвестицияларды тартуға дайынбыз.Қозғалысты жаһандық серіктестер желісі қолдауда. Солардың арасында "Crude Accountability" ұйымының өкілі Кейт Уоттерс, "Глобус" экологиялық-құқықтық бастама орталығы" үкіметтік емес ұйымының өкілі Галина Чернова және "Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасы" (ӨСАБ) ұйымынан Татьяна Седова бар. Олар қозғалыс жұмысына корпоративтік жауапкершілікті, биоалуантүрлілікті сақтау және ашық басқару бойынша тәжірибе енгізеді деп күтілуде. Біз аталған дағдарысты шешу үшін жаһандық тәжірибемен және керек әлеуетпен бөлісе отырып, әділдікті, ашықтықты және әлемдегі ең маңызды экожүйелердің бірін сақтауды талап етеміз, - деді "Crude Accountability" ұйымының атқарушы директоры Кейт Уоттерс.

Қозғалыстың бастамасына арналған іс-шара барысында қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жетекші сарапшы және науқанның негізгі жақтаушысы Галина Чернова оның өзектілігін атап өтті.

Каспий теңізінің жағдайы – тек өңірлік мәселе емес, жаһандық дағдарыс. Ол экожүйеге, экономикаға және теңіз жағалауында тұратын адамдарға әсер етеді. Қазір біз жол айырығында тұрмыз. Бұл қозғалыстың мақсаты тек теңізді немесе жабайы табиғатты құтқаруда ғана емес, планетамыздың тіршілігін, мәдени мұрасын және табиғи тепе-теңдігін сақтап қалуда. Біз жағдайды бірге өзгерте аламыз, - деді Галина Чернова.

"Save the Caspian Sea" қозғалысы табиғатты қорғау жөніндегі зерттеулерді ілгерілетуге баса назар аударады. Сонымен қатар, биоәртүрліліктің жойылуын тоқтатуға және қоршаған ортаның ластануын алдын алуға бағытталған бастамаларға қаражат жинауды жоспарлайды. Бұдан басқа, мүдделі тараптардың басын қосып, халықаралық деңгейде шаралар мен ақпараттық-түсіндіру науқандарын ұйымдастырады. Ортақ шешімдерді ілгерілету мақсатында ел үкіметтерімен, үкіметтік емес ұйымдармен және корпорациялармен серіктестікті дамытуға ұмтылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы