«Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту» жобасын аяқтауға 5,08 млрд теңге бөлінді
Үкімет Маңғыстау облысының тұрғындарын тұщы сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үкімет резервінен Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту» жобасын аяқтауға 5,08 млрд теңге қаражат бөлінді. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.
«Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту мәселесі – Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Жоба 2021 жылғы 22 қыркүйекте Президент қатысуымен өткен «Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» кеңестің хаттамасын орындау аясында іске асырылып жатыр.
Есепке сәйкес жобаны аяқтау зауытқа ауыз су өндіру көлемін тәулігіне 40 мың м3 дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның бұрынғы өнімділігі бұдан екі есе аз болған.
Осы жылдың 5 шілдесінде Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Ә. Смайылов жобаның іске асырылу барысымен танысты. Үкімет басшысы Маңғыстау облысының Мұнайлы, Түпқараған және Қарақия аудандарының 180 мың тұрғыны үшін зауытты іске қосудың маңызы зор екенін атап өтті.
Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары 80%-ға орындалды.