Бүгiн 2026, 17:52 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Kaspi шотын жалға бергендер сотталды: Қызылордада заңсыз онлайн ойын әшкереленді

Қызылорда облысында заңсыз онлайн-құмар ойын ұйымдастырып, банк шотын үшінші тұлғаға пайдалануға берген азаматтар сотталды. Біріне 4 жыл жаза, екіншісіне айыппұл салынды.

Қызылорда облысының Шиелі аудандық соты заңсыз онлайн-құмар ойын ұйымдастыру және банктік шоттарды заңсыз пайдалану деректері бойынша екі қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды өңірлік Экономикалық тергеп-тексеру департаменті.

Сот материалдарына сәйкес, сотталушы «А» 2025 жылдың қыркүйек-қазан айлары аралығында әлеуметтік желілер арқылы «Карта-Лото» атты заңсыз құмар ойынын ұйымдастырған. Ол ақша аударымдарын қабылдау үшін үшінші тұлғаның Kaspi.kz қосымшасындағы банк шотын заңсыз пайдаланған.

Ал «Г» есімді азаматша аталған әрекетке қатысып, өз анасының атына рәсімделген банк шотын үшінші тұлғаға пайдалануға бергені үшін материалдық сыйақы алған.

Сот отырысы барысында екі айыпталушы да кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін жеткізді. Сонымен қатар олардың кәмелетке толмаған балаларының болуы және шын ниетпен өкінуі жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.

Сот үкімімен «А» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы 7-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Бұрынғы үкіммен қоса есептегенде, түпкілікті 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Алайда кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жаза өтеу мерзімі кейінге қалдырылып, пробациялық бақылау тағайындалды.

Ал «Г» ҚР ҚК 232-1-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 25 АЕК көлемінде, яғни 98 300 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұдан бөлек, Жәбірленушілерге өтемақы қорына 5 АЕК, яғни 19 660 теңге өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.