Kaspi bank алаяқтармен бірге жұмыс істей ме? Банк клиенті тұрғындарды ескертті
Белгісіз адамдар жеткізу қызметі болып хабарласып, тапсырысты қайта рәсімдеу сылтауымен SMS-код сұраған.
Қазақстандық тұрғын әлеуметтік желіде Kaspi арқылы тапсырыс рәсімдегеннен кейін өзіне күмәнді қоңырау түскенін айтып, көпшілікті сақ болуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, алаяқтар жеткізу қызметінің атын жамылып, SMS-кодты алуға тырысқан.
Әйелдің сөзінше, бәрі кәдімгі жеткізу қызметінің хабарласуындай басталған.
Кеше маған бір жігіт WhatsApp-қа хабарласып: «Татьяна, үйдесіз бе? Сізге жеткізу әкелеміз» деді. Мен: «Неге үйге жеткізесіздер? Мен постаматқа тапсырыс бергенмін ғой» дедім. Олар: «Тексеріп жіберіңізші, бізде үйге жеткізу деп тұр» деді.Сосын: «Қазір үйден постаматқа қайта рәсімдеп береміз, курьер бекер бармас үшін біз жіберген кодты айтыңызшы» деді. Бірақ код Kaspi қосымшасы арқылы емес, SMS-пен келген кезде мен күмәндандым, - дейді тұрғын.
Осыдан кейін тұрғын бірден Kaspi қолдау қызметіне хабарласқан. Банк өкілдері оған қоңырау шалғандардың Kaspi-ге қатысы жоқ екенін айтып, ешқандай кодты бөгде адамдарға бермеу керектігін ескерткен.
Әйелдің айтуынша, оны ең қатты алаңдатқан жайт – қоңырау шалғандардың оның жуырда ғана рәсімделген тапсырысы мен жеткізу тәсілі туралы нақты білуі болған.
Менде бір сұрақ туындады. Олар менің тапсырыс бергенімді қайдан біледі? Бұл туралы тек Kaspi ғана білуі керек қой. Қазір тіпті Kaspi арқылы да алаңсыз тапсырыс бере алмайтын сияқтымыз. Өйткені бәрін сондай сенімді етіп ұйымдастырған. Халықтың 90 пайызы кодты айтып қояр еді, себебі бәрі шынайы жеткізу қызметіндей көрінеді, – дейді ол.
Тұрғын соңғы кезде мұндай алаяқтық тәсілдері көбейіп кеткенін естігенін, алайда тапсырыс бергеннен кейін бірден дәл жеткізу қызметі сияқты болып хабарласуы өзін қатты таңғалдырғанын айтты.
Желі қолданушылары да пікір қалдырып, мұндай жағдайларда SMS арқылы келген кодтарды ешкімге бермеу керектігін жазып жатыр.