Кәсіптің негізі - табандылықта!
«Әйел - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөз бар. Қазір табандылығы мен қайсарлығының арқасында өз кәсібін ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған қыз-келіншектер жетерлік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Кәсібін дөңгелетіп отырған қыз-келіншекпен мереке қарсаңында біз де сұхбаттасуды жөн көрдік. Қазіргі нарық заманында сәбилерге арналған брендтік жөргектер жетерлік. Аналар үшін бірінің сапасы көңілінен шықпаса, бірі қалта көтермейді. Ал түркістандық ару, кәсіпкер Баянсұлу бесіктегі балаларға арнап арнайы жөргек зауытын ашқан. Кәсібін дөңгелетіп отырған екі баланың анасы Баянсұлу ханыммен сұхбаттасқан едік.
- Баянсұлу, мереке құтты болсын! Қазір көп қыз-келіншектер сұлулық салонындағы жұмыстарға қызығып, арнайы курс оқып, жұмыс істеп жатады. Енді бірі шетелден тауар алдырып киім сататын дүкен ашады. Сіз жөргек шығаруды қолға алған екенсіз? Қайдан пайда болған идея?
- Кішкентай кезімнен бизнес саласында келе жатырмын десем артық айтқандық емес. 30-ға жуық бизнестің түрін көрген бизнес-экспертпін деп айтсам болады. Кәсіпкердің отбасында дүниеге келгендіктен, әкемізден көріп өскендіктен, болар кәсіпке біртабан жақынмын. Өзімнің де сұлулық салоным болған. Негізі сұраныстағы бизнестердің бірі. Ал білім алуға ешқашан қарсы емеспін. Әсіресе, жас қыздардың білім-ғылымға деген қызығушылығын ерекше құрметтеймін. Бастысы сол алған білімдерін іске асыра алса болды. Айтып өткенімдей бірнеше бизнес саласын көргендіктен, өзіме ең дұрысы өндіріс саласы деп шештім. Жөргек шығару зауытын ашу негізі өзім ана болған кезде басталды. Ұлыма жақсы жөргек іздеумен болдық. Ел аузында жүрген бренд жөргектертің сапасы мен үшін керемет болмады. Сапасы нашар, бағасы қымбат болды. Солай жақсысын іздеп жүріп бір жөргекке тоқталдық. Бірақ оны Қытайдан тапсырыс беріп алдырады екен. Ол жөргек біздің елге арнап жасалған болды. Содан кейін неге өз елімізде жасап шығармасқа деген ой келді. Зауыт ашу үшін шикізаттар керек. Ол үшін Түркия еліне барып көрдім. Ол жақта 40 зауыт, Қытайда 1000 зауыт бар. Жақсысын таңдау керек. Құрылғыларды Түркиядан алдырып бастадым. Қазір «Алтын бала» деген жөргекті шығарып жатырмыз. Бизнес болған соң даму мен құлдырауда қатар жүретіні белгілі. Осыған дейін 3 жөргекті шығарып көрген болатынбыз. Тәжірибе жинап, жөргектердің сапасын жақсартып, дамытып, жаңа технологияларды қолдана келе «Алтын бала» жөргегі туындады. «Алтын бала» жөргегіне атынан бастап, ішіне қосылатын затына дейін 6 ай бойы жұмыс істедім. Еңбектің арқасында қазір жап-жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатырмын.
- Кәсіпті ашу барысында қандай қиыншылықтар болды?
- Кәсіпті ашу барысында өзіндік қиындықтары болды. Алдымыздан үлкен проблемалар да шықты. Ең бастысы маманның жетіспеушілігі еді. Өнімді шығару бойынша Түркия елінен келген негізгі 3 маман жұмыс істейді. Сол мамандар жұмыстың барысын өз азаматтарымызға үйретеді. Технолог, операторлар сұранысқа ие мамандықтар. Солардың жетіспеушілігінен де түркиялық мамандардың жұмысына жүгінуге тура келеді. Тағы бір осы кәсіптегі қиындық тудырған дүние нарыққа кіру. Отандық өнім дегенге көп адам сенбей, сапасына күмәнмен қарайды. Сол стратегияны жойғымыз келді. Ол мақсатымызда орындалды. Қазір кәсібіміз жақсы дамып жатыр.
- Зауытты ашу кезінде кімнен ақыл-кеңес сұрадыңыз?
- Осы зауытты ашу кезінде менің кеңесшім, ақылшым, ұстазым әкем болды. Әкемнің кәсіп саласында 30 жылдық тәжірибесі бар. Сол кісі менің тәлімгерім, инвесторым. Қолдауының арқасында осындай зауыт ашып отырмын. Зауыттың жұмыс барысын туған інім Әли екеуміз жүргіземіз. Ол ішкі жұмыстарын қадағалайды, мен сапасын, маркетинг және сатылымын бақылап, сол бойынша жұмыс атқарамын.
- Басқа өнімдерден қандай ерекшелігі бар?
- Басқа өнімдерден ерекшелігіміз «Алтын бала» жөргегі премиум-класс болып саналады. Балалардың нәжісін 15 секундта сіңіреді. Сыртқа ағып кетуден сақтайды. Әлемдегі жоқ нәтижелерді көрсетіп жатырмыз деп айтуға болады. Сапасы керемет. Жұмсақ, балаға ыңғайлы бастысы бағасы қолжетімді. Нарықтағы басқа да жөргектерден 30-40%-ға арзан. Тағы бір айта кететін мәселе адамдар «памперс» деп айтады. Негізі «памперс» белгілі брендтің атауы. Осыны ескерсе екен дейміз. Тағы айта кететін жайт, біз ешкімді жамандамаймыз және ешкіммен бәсекеде емеспіз.
- Қазір неше адамды жұмыспен қамтып отырсыз?
- Зауытта 60 адам жұмыс істейді. Штаттан тыс 30-ға жуық қызметкеріміз болса, әр қалада өкілдеріміз де бар. Жалпы жұмыс істеймін деген адамды үйретуге дайынбыз.
- Өнімді өңдейтін шикізаттар мен құрылғыларды қайдан аласыз?
- Бізде бір жөргекке 14 түрлі шикізат қосылады. Олардың барлығын 14 жерден аламыз. Яғни, Америка, Германия, Қытай, Түркия т.б елдерден тапсырыс беру арқылы. Үлкен компаниялармен тікелей жұмыс істейміз. Қазір үлкен бір құрылғы жұмыс істейді. Жөргектің барлық өлшемін шығарады. Одан бөлек жақын арада Қытай елінен тағы бір құрылғымыз келеді.
- Жөргек шығаратын зауыт ашқысы келетін азаматтарға қандай кеңес айтасыз?
- Дәл осы өнімді шығарғысы келетін зауыт ашамын дейтін адамдарға көмектесуге дайынмын. Зауыт ашу деген оңай шаруа емес. Бүгін ашып, ертең жаба салатын. Біраз еңбекті қажет етеді. Біздің де артымызда 3 жылдық еңбек пен үлкен қаражат тұр. Жұмыс барысын ұйымдастыру, 14 түрлі шикізатты 14 елге тапсырыс беру, сату, брендтің атын шығару, бәсекеге қабілетті болу деген ең үлкен еңбек! Тек шыдамдылық пен мақсатқа жетемін деген күш керек.
- Әңгімеңізге рахмет!
Иә, осылайша баласына сапалы жөргек іздеумен басталған біздің кейіпкеріміздің қазір жөргек шығаратын өз зауыты бар.