Кәсіптік білім – келешек кепілі: Халықаралық додада кім топ жарды

Ақтауда «DOSTI Skills» халықаралық достық чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтау қаласында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінің студенттері арасында «DOSTI Skills» халықаралық достық чемпионаты өтті. Чемпионатқа Қазақстан, ТМД елдері, Қытай, Сауд Арабиясы және Австриядан келген студенттер мен сарапшылар қатысты.

Үш күн бойы жас мамандар «Электроника», «Автономды мобильді робототехника» және «Прототиптеу» сынды үш негізгі құзыреттілік бойынша өз шеберліктерін көрсетті.

Чемпионат тек жарыс алаңы ғана емес, сонымен қатар диалог алаңына айналды: колледждер ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойып, халықаралық бағдарламалар, студенттер мен оқытушыларға арналған тағылымдамалар бойынша келісімдерге қол жеткізді.

Іс-шара езіндегі жарқын оқиғалардың бірі — білім беру саласындағы цифрлық және инновациялық шешімдер көрмесі болды. Сонымен қатар үш мыңға жуық мектеп оқушысы кәсіби бағдарлау сессияларына қатысты, бұл болашақ мамандарды даярлаудағы маңызды қадам болды.

Чемпионат қорытындысы бойынша 16 жеңімпаз анықталды. 3 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль, сондай-ақ 7 «Үздік маман» медальоны табысталды. Жеңімпаздар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттарына  ие болды.

Іс-шара  Оқу-ағарту министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы