Кәсіподақтар: Реформалар адамдардың өмірінде сезілуі тиіс
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Президенттің V Ұлттық құрылтайда айтқан негізгі тезистерін қолдайтынын жариялады. Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіндегі басты идея – реформалар елдегі нақты өзгерістер арқылы ғана жүзеге асуы тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Реформалар тек құр сөзбен емес, адамдардың өміріндегі нақты өзгерістер арқылы нығаяды. Біз, кәсіподақтар, азаматтық қоғамның негізгі институттарының бірі ретінде, жарияланған бағытты қолдаймыз және одан Әділетті Қазақстанды дамытудың маңызды тірек нүктелерін көреміз, – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол кәсіподақтар үшін басты бағыттарды атап өтті.
- Еңбекке құрмет пен әлеуметтік тұрақтылық: «Мықты мемлекет тек жоғарыдан қабылданған шешімдермен емес, миллиондаған адамдардың — цехтар мен шахталардағы, мектептер мен ауруханалардағы күнделікті жауапкершілігімен құрылады», – деді Федерация төрағасы.
- Әлеуметтік әділдік: «Әділдік – әрбір азаматтың қауіпсіздігі, заңның сақталуы, адамның абыройын қорғау және кез келген зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою», – деп нақтылады ол.
- Конституциялық реформа: «Халық кеңесін құру, жаңа бір палаталы парламент және вице-президент институты демократиялық институттарды нығайтуға және қоғамның билікке деген сенімін арттыруға бағытталған», – деді Дәулеталин.
- Энергетикалық қауіпсіздік: «Көмір генерациясы мен энергетикалық өзін-өзі қамтамасыз ету – ұлттық төзімділік мәселесі. Бірақ бұл еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік жауапкершілік және жаңғырту принциптерімен үйлесуі тиіс», – деп атап өтті федерация төрағасы.
- Цифрландыру мен жасанды интеллект: «Цифрлық трансформация алдымен процестерді ретке келтіруден, бюрократия мен функциялардың қайталануын жоюдан басталуы керек. Бұл құрал адамдардың еңбек құқықтарын қорғай отырып, қызмет көрсету сапасын арттыруға қызмет етуі тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
- Жастар мен креативті экономика: «Жас ұрпаққа тірек қажет: жұмыспен қамтудың түсінікті ережелері, әділ еңбекақы, қолжетімді білім, кәсіби өсу мүмкіндігі болуы шарт», – деп қосты ол.
- Мәдениет пен өнер: «Мәдени-гуманитарлық саланы дамыту – қоғамның есеюі мен толысуының негізі. Өңірлерде жаңа мәдени кеңістіктер ашу жастарға өз үйінде дамуға мүмкіндік береді», – деді федерация төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин реформалардың басты өлшемі – нақты нәтиже болуы тиіс екенін атап өтті.
Адамдар реформаларды нақты табыс, тұрақты жұмыс, қауіпсіз еңбек жағдайлары, медицина мен білімнің қолжетімділігі және әділдік арқылы бағалайды, - дейді ол.
Федерация Президенттің әділдік, мәдениет, жастар әлеуетін нығайту, цифрландыру және энергия қауіпсіздігі бағытындағы стратегиялық ұстанымдарын қолдайтынын жеткізді.
Кәсіподақтар мемлекеттің сенімді серіктесі болып, барлық шешімнің орталығында әрдайым еңбек адамы тұруына принципті түрде қол жеткізеді, – деп айтты Сатыбалды Дәулеталин.