Кәсіподақтар федерациясы сайлауға байланысты үндеу жариялады

Кәсіподақтар федерациясы сайлауға байланысты үндеу жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2022 жылдан бастап Қазақстанның саяси өмірінде түбегейлі өзгерістер болып жатыр, оның нәтижесі ел Конституциясын өзгерту жөніндегі референдум, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып сайлануы, Парламент Сенаты құрамының жаңаруы болды.

2023 жылғы 19 наурызда Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтеді. Еркін және әділ сайлау – Әділетті Қазақстан құрудың маңызды құрамдас бөлігі, азаматтық қоғамның саяси жүйеге сенімін арттыру құралы, - делінген үндеуде.

Болашақ депутаттарға, олардың біліктілігі, кәсібилігі мен әдептілігіне еліміздің алдағы бес жылдық даму болашағы байланысты.

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы қоғамымыздың ынтымақтастығын нығайтып, Әділетті Қазақстанды құруға ниеттілердің барлығын біріктіруге тиіс. Бірлігіміз бекем болса, әділдік пен дамуға қол жеткіземіз!
Қазіргі сайлау циклінің бір ерекшелігі – елде партиялық құрылыс үдерісі белсенді жүріп жатыр, сайлаушылар алдында сайлауда қай кандидатты, қай партияны қолдауына байланысты қиын таңдау тұр, - деді Кәсіподақтар федерациясы.

Кәсіподақтар федерациясы барлық саяси партияны сайлауалды бағдарламаларында өз мақсаттарын әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, лайықты еңбекке қол жеткізуге және еліміздің азаматтарының әл-ауқатын сапалы жақсартуға бағыттауға шақырды.

Еңбек нарығында да, жалпы қоғамда да жалдамалы жұмыскерлер мүдделерінің институционалдық өкілі ретінде біз мемлекет дамуының осынау маңызды кезеңінде шетте қала алмаймыз. Біз Қазақстанның қалай дамитынына ешқашан бей-жай қараған емеспіз.
Біздің мақсатымыз – негізі еңбекші халық болып табылатын әділетті әлеуметтік мемлекет құру.
Кәсіподақтар федерациясы қызметінің негізгі бағдары – әділетті экономиканы қалыптастыру арқылы жұмыскерлер мен олардың отбасыларының әл-ауқатын жақсарту. Біз адал еңбек еткендердің лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететін заңдарды қабылдау үшін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек.
Осыған байланысты Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақтардан депутаттыққа кандидаттардың құрамын жасақтап, кәсіподақ кандидаттарын қолдау Штабын құрады, - делінген үндеуде.

Біздің кандидаттар мемлекеттік биліктің өкілді органдарында мандат алу, сөз жүзінде емес, іс жүзінде еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға қабілетті толыққанды кәсіподақ лоббиі болу үшін «Кәсіподақтар – әділеттілік үшін!» сайлауалды тұғырнамасымен сайлауға қатысады.

Сондықтан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіретін кәсіподақ ұйымдары алдағы сайлау науқанын кәсіподақ идеологиясын насихаттау, өздерінің қатарына жаңа мүшелер мен одақтастарды тарту, сондай-ақ келесі негізгі міндеттерді шешу үшін пайдалануы қажет:
− өкілді органдарда кәсіподақ мүдделерін, олардың заңнамалық бастамалары мен шешімдерін қолдауды кеңейту;
− кәсіподақ белсенділері мен көшбасшыларының Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары болып сайлануы;
− Еңбек адамының және оның отбасы мүшелерінің құқықтары мен мүдделеріне байланысты өткір әлеуметтік-еңбек, экономикалық және саяси мәселелер бойынша қоғамдық пікірді қалыптастыру;
− еңбек ұжымдарында кәсіптік одақтардың беделін күшейту.

Кәсіподақтар федерациясы барлық кәсіподақ мүшелері мен еңбеккерлерді алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауына белсене қатысуға және лайықты кандидаттарды – сіздермен бірге иық тірескен Еңбек Адамының құқығы мен мүддесін қорғаушыларды қолдауға шақырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы