Кәсіподақтар федерациясы АЭС құрылысына байланысты үндеу жариялады
Федерация мүшелері еліміздегі атом энергетикасын дамытуда АЭС-тың стратегиялық маңызы өте зор екенін айтады деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы құрамында 2 миллион адам бар. Олар өндірістің қалай жұмыс істейтінін және қолжетімді энергияның қандай мәнге ие екенін білетін мамандар. АЭС салу тақырыбына орай ұйымдастырылған арнайы брифингте федерация төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ұйымның әзірлеген үндеуін таныстырды.
Энергетика саласы мамандарының пайымдауынша, елдегі кәсіпорындар тұрақты, қалыпты және арзан электр энергиясына мұқтаж. Қолжетімді энергиясыз тиімділік жоқ, демек, компаниялардың кірісі мен еңбек ұжымдарының игілігі болмайды.
Біздің федерация экологиялық және атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту қажеттілігі идеясын ілгерілетуде. Бұл қызметкерлердің денсаулығына тікелей әсер етеді. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын дүние жүзінде миллионға жуық адам жұмыс орнында ауаның ластануынан қайтыс болады. Шығарындылар мен қалдықтарсыз жаңа буын электр станциясын салу – бұл экологиялық таза және жоғары технологиялық кәсіпорындарға алғашқы және негізгі қадам. Баламалы көздер есебінен энергетикалық проблеманы шешуде бізді халықаралық кәсіподақ қозғалысы да қолдайды- дейді Нұрлан Өтешев.
Сондай-ақ, кәсіподақтар федерациясының мүшелері АЭС-тің пайда болуы жоғары жалақысы мен сенімді әлеуметтік кепілдіктері бар мыңдаған сапалы жұмыс орындарын құрады деп отыр. Мұндағы әңгіме тек көп жылдық құрылыс процесі туралы ғана емес, тарифтерді арзандатудың арқасында ашылатын жаңа кәсіпорындар туралы да болып отыр.
Біздің еліміз әлемдегі ең ірі уран өндірушісі болып табылады, мыңдаған қазақстандықтар осы индустрияға жұмылдырылған. Өзіміздің уран әлеуетімізді толық іске асырып, жеке энергетикалық хабымызды құру арқылы өндірістік циклді аяқтайтын кез келді. Біз жобаның әлеуетіне сенеміз. Қазіргі заманғы технологиялар өте алысқа кетті, олар станциядағы әрбір жүйені қорғауды қамтамасыз етеді және іс жүзінде адам факторын болдырмайды - дейді федерация мүшелері.
Қазақстан энергетиктері салалық кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбастың айтуынша Қазақстанда электрэнергиясын негізінен жылу электр стансалары өндіреді. Олардың 66 % ескірген.
ЖЭС -тердің жұмысын реттеуге кететін шығын тарифке тәуелді. Ал бағаны көтеру тұтынушылардың қалтасын қағады. Одан бөлек Қазақстан энергияны сырттан сатып алуға мәжбүр. Сондықтан жаңа стансалар салу қажеттілігі бар. Ал атом стансаларынан қорқудың еш негізі жоқ. Қорыққанға қос көрінеді. Қазір 52 мемлекетте 400-ден астам атом стансасы бар. Біз солардың үздігін таңдап, өзімізде салуымыз керек – дейді ол.
Үндеуде көрсетілгендей, АЭС-ке қатысты дер кезінде қабылдаған шешім – электр энергиясын өндіру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өсіміне, сондай-ақ Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге жол ашады. Атом өнеркәсібінің дамуының арқасында Қазақстан ешқашан басқа елдерге және энергетикалық ауытқуларға тәуелді болмайды.
Федерация өкілдері Қазақстандағы еңбек ұжымдарын АЭС салу туралы бастаманы қолдауға және өздерінің азаматтық ерік-жігерлерін көрсетуге шақыруда.
Өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясы АЭС құрылысын салу мен оны пайдалану отандық компаниялар мен мамандарға барынша пайда әкелуін мұқият қадағалайтынын жеткізді.