Енді Қазақстан кәсіподақтары күні – 10 қазан
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы осы күннің кәсіби мерекелер тізіміне енуінде негізгі рөл атқарады.
Қазақстан кәсіподақтары күні 10 қазанда аталып өтеді. Үкіметтің 2019 жылғы 22 мамырдағы № 303 қаулысы нормативтік-құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған.
Қазақстандық кәсіподақ қозғалысының мәртебесін арттыру мақсатында 2018 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан Республикасы бұрынғы премьер-министрі Б.Сағынтаевтың атына Қазақстан кәсіподақтары күнін ҚР Үкіметі белгілеген мерекелік күндер тізіміне енгізу арқылы бекіту туралы хат жолданды.
Ұлттық экономика, Қаржы, Қоғамдық даму, Әділет министрліктерінің ақпараттарына сәйкес ҚРКФ бастамасына ұсыныстар мен ескертпелер болмады, бұл ретте Қоғамдық даму министрлігі Кәсіподақтар күнін ресми мойындау кәсіподақтардың қоғамдағы рөлін нығайтуға және арттыруға жәрдемдесетіндігін атап өтті.
ТМД бойынша осы мерекенің қоғамдық өмірде өз орнын тапқанын атап өткен жөн. Мәселен, Татарстан Республикасында 2011 жылдан бастап кәсіподақтардың кәсіби мерекесі - 24 қыркүйек.
2018 жылғы сәуірде Украина министрліктер кабинеті Украина Кәсіподақтар федерациясы төралқасының кәсіптік одақтар мерекесін жыл сайын қазанның екінші жексенбісі атап өту туралы бастамасын қолдады.
Бүгінгі таңда ҚРКФ еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу бойынша мемлекеттік органдардың белсенді де лайықты әріптесі болып табылады.
ҚРКФ және мүше ұйымдарының бастамасымен ҚР Үкіметімен бірлескен жұмыс нәтижесінде азаматтық қызметкерлер еңбекақысының өсімі қамтамасыз етілді: денсаулық сақтау қызметкерлері - 28% дейін, білім - 29% дейін, әлеуметтік қорғау - 40% дейін.
Жыл сайын ҚРКФ өңірлерде Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күніне (20 ақпан), Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне (28 сәуір), Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін әрекет күніне (7 қазан) және т.б. арналған түрлі іс-шаралар өткізеді.
ҚРКФ ірі қоғамдық ұйым ретінде әлемдік кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысады.