Кәсіподақтар федерациясынан 7 мыңнан астам байқаушы қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев сайлау кезінде болған бұзушылықтардың 99%-ы сайлау процесіне әсер етпейтін жағдайлар екенін атап өтті. 


Кеше өткен сайлауға ҚР Кәсіподақтар федерациясы тарапынан 7 мыңнан астам байқаушы қатысқан болатын. Сайлауды бейпартиялық байқау орталығын қолдап, жұмысына үлес қосты. ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан шыққан байқаушылар да үлкен жұмыс атқарды.  Сайлау процесіне қатысты заң бұзушылық дегенге келер болсақ, әлеуметтік желілерде жүздеген фейк ақпарат шықты. Біз оларды әлі күнге дейін зерттеп, баға беріп жатырмыз. Жалпы, фейк ақпараттар азаматтар өздерінің құқықтық міндеттерін білмегеннен жасалып жатқаны анықталуда. Мысалы, бұрынғы сайлаулардағы немесе мүлдем біздің елге қатысы жоқ сайлау процестері кезінде жасалған бұзушылықтарды қазір болып жатқандай таратуда. Сонымен қатар, кейбір байқаушылардың арасынан да жанындағы өзге байқаушылардың жұмысына кедергі келтіріп немесе олардың рұқсатынсыз сыртынан фото, видеоға түсіру сияқты заң бұзушылықтарға барғандары да кездесті. Бұл  кейбір азаматтардың құқықтық мәдениетінің төмендігі екенін білдіреді, - деді ол. 

Нұрлан Өтешев бұзушылықтардың 99%-ы сайлау процесіне әсер етпейтін жағдайлар екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін сайлауды бейпартиялық байқау орталығының басшысы, Қазақстанның Азаматтық қоғам альянсының президенті Бану Нұрғазиева сайлау процесінің заңдылығына әсер ететін заң бұзушылық тіркелмегенін және сайлауды бейпартиялық байқау орталығы жұмысын жүйелік негізде жалғастыратынын мәлімдеген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы