29 Қазан 2026, 11:05 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Кәсіпкерлікті тексеруге мораторий: Үкімет екі апта ішінде ұсыныс енгізеді

Үкімет микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізуді ұсынып, тиісті шешімді екі апта ішінде әзірлеуді тапсырды.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында бизнестің әкімшілік жүктемесін азайтуға қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Негізгі тапсырмалардың бірі – кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий енгізу.

Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Онда шағын бизнестің орта бизнес санатына көшуін ынталандыру, кәсіпорындардың ұзақмерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту, оның ішінде жеке инвестиция тарту есебінен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар көзделуге тиіс. Сондай-ақ өндірістік қуаттарды технологиялық жаңарту және еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі шараларды қарастыру маңызды, - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Ол тиісті ұсыныстарды екі апта ішінде Үкіметке енгізуді тапсырды.

Бұдан бөлек, орта кәсіпорындардың ірі компаниялармен кооперациясын дамыту, олардың өндірістік тізбектерге қатысуын кеңейту және шығарылатын өнімді тұрақты өткізуді қамтамасыз ету тетіктерін қарастыру қажет. Ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» ұлттық палатасымен, бизнес-омбудсменмен және депутаттар корпусымен бірге 2027-ші жылғы 1-ші қаңтардан бастап бұған дейінгі тәжірибеге сәйкес микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқыға салсын. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені азайту және олардың жұмысына шамадан тыс араласуға жол бермеу, - деді Олжас Бектенов.

Тиісті ұсыныстарды Үкіметке екі апта мерзімде енгізу керек.