Кәсіпкерлік субъектілеріне берілген микрокредиттер көлемі 1,5 трлн теңгеге жетті
Кәсіпкерлік субъектілеріне берілген микрокредиттер көлемі 1,5 трлн теңгені немесе микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктердің несие портфелінің 64%-ын құрады, оның үлесі 2021 жылдан бері 37%-дан 27 п.т-ға ұлғайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бизнестің көлемі бойынша ШОБ субъектілері мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғалар басым келеді, олардың үлесіне 947 млрд теңге тиесілі, бұл МҚҰ мен КС несие портфелінің 63,1%-ын құрайды. Сондай-ақ, микроқаржы нарығының кейбір субъектілері үлесіне МҚҰ мен КС несие портфелінің 28,2%-ы тиесілі болатын ірі кәсіпкерлік субъектілеріне микрокредиттер беру мүмкіндігіне ие, бұл КТ өнеркәсіптік және өндірістік салаларға берген ірі микрокредиттермен түсіндіріледі.
Мәселен, берілген микрокредиттердің ең көп үлесі ауыл шаруашылығы (30,6%), қызметтер ұсыну (23,6%) электр энергиясын өндіру (16,6%), өнеркәсіп (10,8%) пен сауда (5,9%) салаларына тиесілі болады.
Өз тарапынан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осының алдында нарық қатысушыларын бизнеске кредит беруге ынталандыру шараларын қабылдады:
Біріншіден, микроқаржыландырудың өңірлік кәсіпкерлер, әсіресе ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен құрылған 18 МҚҰ-ны лицензиялауды жүргізді.
Екіншіден, ШОБ субъектілеріне кредит беруді пруденциялық ынталандырудың шеңберінде 2023 жылы Агенттік кәсіпкерлік мақсаттарға арналған микрокредиттерді тәуекел-саралаудың төмендетілген көрсеткіштерін белгіледі және 2024 жылы капитал жеткіліктілігін есептеген кезде Қазақстанның автомобиль өнеркәсібіне қолдау көрсету үшін автокөлік құралының кепілімен қамтамасыз етілген микрокредиттерді тәуекел-саралау 150%-дан 100%-ға дейін төмендетілді.
Үшіншіден, кредиттік серіктестіктер өз қатысушыларына кредит беруді кеңейту үшін қарыз алушының борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу бойынша талабының күші жойылды.
Төртіншіден, 2022 жылы микро шағын бизнес субъектілері үшін банктік қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін өңірлерде ауылдық өңірлерде кең филиалдық желісі және реттелген клиенттік базасы бар МҚҰ-ларды банктерге айырбастаудың жеңілдетілген тетігі енгізілді.
Бесіншіден, МҚҰ-ның қорландыру базасын кеңейту үшін 2021 жылы бағалы қағаздар нарығына рұқсат беру бойынша облигациялардың эмитенттеріне қойылатын листингтік талаптар жеңілдетілді. Нәтиже ретінде бүгінгі таңда KASE алаңшасында 21 МҚҰ-ның үлестік және борыштық құралдары орналастырылды.
Алтыншыдан, экономиканың агроөнеркәсіптік және өзге секторларында кредиттік серіктестіктердің кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру бойынша қорландыру көздерін кеңейту мақсатында 2023 жылғы қарашада АХҚО аумағында APEX FUND I LP бірінші апекс қоры тіркелді.
Бұл тетік халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға тікелей әсер етеді деп күтілуде.
Микроқаржы нарығы субъектілерінің қызметін реттеу мен олардың бизнеске кредит беруін ынталандыру арасындағы теңгерімді сақтау кәсіпкерлерді қаржыландырумен қамтамасыз етуді жалғастыруға мүмкіндік берді.
МҚҰ және КС кредиттеу субъектілері тәуекелі неғұрлым жоғары экономика салаларында қызметтерін жүзеге асыратынына қарамастан, МҚҰ және КС несие портфеліндегі 90 күннен астам мерзімі өткен берешектің үлесі (NPL 90+) төмен деңгейде қалып отыр.