Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріледі – Жұманғарин түсіндірді
Қазақстанда бизнесті қаржылай қолдау жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бизнес үшін кредиттерге кепілдік беру елімізде де, басқа елдерде де тиімді практика ретінде танылды. Сондықтан 2 кепілдік беру қоры құрылады. Олардың бірі шағын және орта бизнеске кепілдік береді, – дейді вице-премьер.
Жұманғариннің айтуынша, елімізде шағын және орта бизнес үшін кредиттерге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау көлемі ұлғаяды.
Биылдың өзінде 1,7 трлн теңге сомасына 30 мыңға жуық шағын және орта бизнес жобасына қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар біздің елімізде ірі бизнестің кредиттеріне кепілдік беру үшін жаңа қор құрылады. Ірі бизнеске арналған кепілдік беру қоры ірі және стратегиялық маңызды жобаларды кепілмен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Бұл ірі бизнес санының көбеюіне әсер етпек, – дейді Үкімет басшысының орынбасары.