Бүгiн 2026, 09:53 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Кәсіпкерлерге жақсы жаңалық: Бизнесті тексерусіз жабуға болады

Астанада шағын кәсіпкерлер үшін жаңа тәртіп енгізілді.

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті микро және шағын бизнес субъектілері үшін қызметті тоқтату тәртібі жеңілдетілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Енді кәсіпкерлер «таза парақ» тетігі арқылы бірқатар талапты сақтаған жағдайда бизнесті камералдық бақылаусыз жаба алады.

Жаңа тәртіпке сәйкес, кәсіпкер қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша тіркеуде тұрмауы, салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі болмауы және жекелеген қызмет түрлері бойынша тіркелмеген болуы тиіс.

Осы шарттар толық орындалса, қызметті тоқтату кезінде камералдық бақылау жүргізілмейді. Аталған жеңілдік 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін есептілік тапсырылған және 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдеріне қатысты қолданылады.

Бизнесті жабу үшін салық органына қызметті тоқтату туралы өтініш, таратуға байланысты салық есептілігі және бақылау-кассалық машинаны есептен шығару туралы өтініш тапсыру қажет.

Ведомство өкілдері бұл жеңілдетілген тәртіп тек барлық талап сақталған жағдайда ғана қолданылатынын атап өтті. Егер шарттар орындалмаса, кәсіпкерлік қызметті тоқтату жалпы тәртіппен, яғни камералдық бақылау арқылы жүзеге асырылады.