Кәсіпкерлерге 552 грант бөлінді
Биыл Атырау облысында кәсіпкерлерге 500 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Қайтарымсыз ақшаның игілігін көргендердің басым бөлігі жастар, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттен грант алып, кәсібінің тасын өрге домалатып отырғандардың бірі Айжан Сейсенбай. Жобасы қолдау тапқан ол 3 ай бұрын логопед орталығын ашқан. Айтуынша мұндай қызмет өңірге ауадай қажет. Себебі облыста мектеп жасына дейінгі балалардың 30 пайызы сөйлемейді. Соңғы кездері балғындардың тілі тіптен кеш шығады.
Сондықтан, осы бағытқа бет бұрып, пайдасын тигізбекші. Қазірдің өзінде орталықтан 1айда 50-60 бала қызмет алады. Алда қосымша құрылғылар алып, ісін одан әрі жандандырмақ.
Қазір орталықтағы мамандар күніне 10-нан аса баламен жұмыс істейді. 6 логопед маман бар. Сөйлеу бұзылысы бар балалардың жалпы санының артуына байланысты логопед маманы тапшы. Орталықтар да аз. Басты ерекшелік орталықтың сөйлеу тілі бұзылыстары бар балаларға арналған. Мамандарымыз балалармен жеке топтық сабақтарын өткізеді. Алда тағы гранттарға қатысып, орталықты үлкейту жоспарда бар. Аудандардан да ашқым келеді,-дейді А.Сейсенбай.
Бизнес-жоспарын ұсынып, жаңа істі қолға алғандардың тағы бірі Айбек Орынғалиев. Азамат бөлінген қаржыға арнайы құрылғылар алып, облыста құрылысқа қажетті монолитті көбікбетон өндіруді бастаған. Қазірге дейін 5 тапсырып қабылдап үлгерген. Тұрақты 2 тұтынушысы бар. Әзірге жеке тұрғын- үй салушылар қызығушылық танытқанымен, алдағы уақытта ірі компаниялармен бірлесе қызмет етемін деген үмітте.
Қазір құрылыс саласы күн сайын дамып жатыр. Өзімнің осы бағытқа қызығушылығым болғандықтан, бәрін алдын-ала зерделедім. Кейін монолитті көбікбетон дайындауды қолға алдым. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, бизнес-жоспарымды іске асырдым. Қазір құрылыс объектілерінен тапсырыс қабылдап, қызмет ұсынып отырмын,- дейді А.Орынғалиев.
Екі кәсіпкерден бөлек облыста бұл грантты бас-аяғы 552 адам алды. Оларға биыл 505,8 млн теңге қаржы бөлінген. Грант алушылардың 62 % , яғни 343 ауыл тұрғындары. Сонымен қатар, қолдау көргендердің басым бөлігі жастар мен көпбалалылар. Атап айтқанда, 242-сі жастар, 226- сы көпбалалы аналар, 8-і атаулы әлеуметтік көмек алушылар, 30-ы мүмкіндігі шектеулі жандар, 38-і мүгедектігі бар адамдарды асыраушылар, 8-і асыраушысынан айырылғандар.
Бұл жаңа бизнес идеяларды іске асрыу мақсатында қолға алынып отыр. Қазір 500-ден аса адам өз ісін бастауға мемлекет тарапынан грант алды. Оның ішінде 61 пайызы 343-і ауылдық жерлердің тұрғындары. Жастар үшін жастар практикасы, алғашқы жұмыс орындары,ұрпақтар келісім шарты бар осындай жобалар арқылы жастарды жұмысқа тартудамыз,- дейді Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Нұрланұлы.
Қазына қаржысына қарық болғандар, бөлінген ақшаға инвентарьлар, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтар сатып алыпты. Ал ауылшаруашылығынан нәпақасын тапқысы келетіндер мал, құс пен балық, көшеттер мен тұқым алған көрінеді. Айта кетейік, гран бөлудің 2-3 кезеңдері тамыз бен қыркүйек айларында өткізілген. Алдағы уақытта да жалғасады.