25 Қараша 2026, 15:50

Кәсіпкерлерді не алаңдатады? Астанада «Атамекен» палатасының XIV съезі өтті

Жиында бизнес өкілдері кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді, мемлекеттік қолдау шараларын және алдағы өзгерістерді талқылады

Астанада «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының XIV съезі өтті. Жиында бизнес өкілдері кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді, мемлекеттік қолдау шараларын және алдағы өзгерістерді талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
 

Съезд барысында палатаның 2025–2026 жылдардағы қызметінің қорытындысы, Төралқа мен Тексеру комиссиясының құрамына қатысты мәселелер қаралды. Сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері талқыланды.

Жиында кәсіпкерлер жеңілдетілген несие, салық, әкімшілік кедергілер және бизнесті тексеруге қатысты өз пікірлерін білдірді.

Кәсіпкерлер жеңілдетілген несиенің сақталғанын қалайды

Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген қазақстандық кәсіпкер Кәмшат Төлеуованың айтуынша, субсидиядан жеңілдетілген несиелеу жүйесіне кезең-кезеңімен көшу бизнестің дамуына мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы бұған дейінгі Жолдауларында субсидиядан жеңілдетілген несиеге көшу қажеттігін айтқан еді. Қазір осы бағытта біртіндеп келе жатырмыз. Субсидиялар алынып тасталған күннің өзінде кәсіпкерлеріміз жұмысын жалғастыра алады деген сенімдемін. Мал шаруашылығымен айналысатын адам ретінде бұл саланың қиындықтарын жақсы білемін. Түрлі мәселелермен бетпе-бет келгенде «Атамекен» палатасына жүгінеміз. Өз басым мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиелердің сақталғанын қалаймын, – деді Кәмшат Төлеуова.

Үш жылдық мораторий бизнеске қандай мүмкіндік береді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу бастамасын көтерген еді.

Кәсіпкерлер бұл бастаманың әкімшілік жүктемені азайтып, бизнесті дамытуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік беретінін айтады.

Ет өңдеумен айналысқандықтан, түрлі мекемелерден мамандар келіп, тексеру жүргізеді. Оған көптеген құжат дайындау қажет. Әрине, өндіріп отырған өніміміздің сапалы әрі қауіпсіз болуы маңызды. Дегенмен тексерулердің кәсіпкерлерге қосымша жүктеме түсіретінін де ескеру керек. Барлық кәсіпкердің атынан сөйлей алмаймын, бірақ бұл – мемлекет тарапынан бизнеске жасалып отырған үлкен мүмкіндік, – деді Кәмшат Төлеуова.

Түркістан облысының кәсіпкері Инара Намазбаева да үш жылдық мораторий енгізу бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Кәсіпкерлік саласында өзгерістер көп. Президент Жолдауында айтылған шаралар мен Үкіметтің қолдау бағдарламаларын қуанышпен қабылдаймыз. Тексерулерге үш жылдық мораторий енгізілсе, бұл бізге айтарлықтай жеңілдік берер еді. Бизнесті жаңа деңгейге шығаруға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Пандемия кезінде тексерулердің салмағын айқын сезіндік. Сондықтан шектен тыс тексерулерді реттеу қажет. Дегенмен кәсіпкерлік – жауапкершілігі жоғары сала, тиісті бақылаудың да болғаны дұрыс, – деді Инара Намазбаева.

Кәсіпкерлерге кедергі емес, мүмкіндік қажет

Съезд барысында «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» басқармасының төрағасы Жигули Дайрабаев та кәсіпкерлердің еркін жұмыс істеуіне жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Бүгінде кәсіппен айналысып жүрген азаматтарға көп ақыл айтудың да, олардың жұмысына кедергі келтірудің де қажеті жоқ. Егер кәсіпкер заң талаптарын сақтап, салығын уақытылы төлеп отырса, оның жұмысына неге кедергі жасауымыз керек? Керісінше, жұмыс істеуіне мүмкіндік беруіміз қажет. Мемлекет басшысының қойып отырған талабы да – осы. Жүйесіз тексерулердің алдын алу үшін мораторий енгізу ұсынылды. Бұл – құптарлық бастама, – деді Жигули Дайрабаев.

Бағаның өсуі, қымбат несие және салық

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, съезд қарсаңында кәсіпкерлердің мәселелері үш сағат бойы қызу талқыланған. Жиында көтерілген мәселелер Үкіметке жеткізілген.

Мен ашық диалогқа басымдық беремін. Ұлттық баяндамада экономикалық көрсеткіштермен қатар кәсіпкерлердің күнделікті жағдайын да қамтыдық. Салық реформасы, цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдануға дайындық бойынша 5,5 мыңнан астам кәсіпкердің пікірін жинадық, – дейді Қанат Шарлапаев.

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, экономика өсіп отырғанына қарамастан, кәсіпкерлер үшін қаржыландырудың қымбаттығы мен әкімшілік кедергілер әлі де өзекті.

Сауалнамаға қатысқандардың 63 пайызы бағаның өсуін, 19 пайызы салық мәселесін атап өткен.

Тағы бір өзекті мәселе – жеткізушілерге төлемнің кешіктірілуі. Шарлапаевтың айтуынша, ірі және орта бизнестің жеткізушілер алдындағы берешегі банктерден алған қарызынан асып түскен. Бұл әсіресе шағын кәсіпорындардың айналым қаражатына кері әсер етеді.

Жалпы, съезде кәсіпкерлерді қолдау, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту және мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы диалогты нығайту мәселелеріне басымдық берілді.