Кәсіпкерлер жолында көп кедергілер бар – Бектенов
Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған “Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес” шағын және орта бизнес форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өткен жылдан бастап енгізілген "таза парақтан" реттеу қағидатына сәйкес жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейтін бизнеске қойылатын 10 мыңнан астам талаптар жойылды. Осыған ұқсас жұмыс өңірлік деңгейде де жүргізіліп жатыр. Рұқсат алу үшін біліктілік талаптары қайта қаралады, оларды алу тәртібі жеңілдетіледі. Әрине, бұл біз бизнес үшін өте қолайлы жағдай жасадық дегенді білдірмейді. Кәсіпкердің жолында әлі де көптеген кедергілер бар. Бірақ жұмыс жүргізіліп жатыр", -деді Бектенов.
Ол сондай-ақ бүгінде ел экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесі шамамен 37%-ды құрайтынын атап өтті. 4 миллионнан астам қазақстандық бизнес саласында жұмыс істейді.
Олжас Бектенов шағын және орта кәсіпкерліктің басым салаларын қолдау мақсатында жәрдемдесудің қаржылық шаралары іске асырылып жатқанын айтты. Екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша субсидиялау және ішінара кепілдік беру шеңберінде қамту 2019 жылдан бастап 5есеге өсіп, 150 мыңнан астам жобаны құрағанын, төленген субсидиялар сомасы 8 есе артқанын жеткізді.
Өңірлерге барған кезде, өкінішке қарай, өз қуатының 20-30 пайызын ғана пайдаланатын кәсіпорындарды жиі көремін. Оларды көріп, жүрегің ауырады. Мұның себебі неде деп сұрасаң, олар мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда, ірі жеке кәсіпорындарда өтетін байқауларға қатыса алмайды. Бұл мәселемен айналыса бастадық. Қажетті шешімдер қабылданды, - деді Премьер-министр.
Еске сала кетейік, осыған дейін Премьер-министр кәсіпкерлерге алғыс білдіргені туралы жазғанбыз.