Павлодарда жерінен айырылып қала жаздаған кәсіпкерлердің құқығы қорғалды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар қаласында жер учаскелерінен айырылып қала жаздаған кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды. Бұған дейін кезінде газ құрылғылардың орнын жалға алған кәсіпкерлердің учаскелерін жергілікті әкімдік қайтарып алмақшы болған.

Еске салсақ, екі жыл бұрын облыс орталығында «Үй жанындағы дүкен» жобасы іске қосылды. Басты мақсат – қала ішіндегі аулаларда газгольдерден босаған жерлерді сауда нүктелерін ашуға кәсіпкерлерге жалға беру. Бас-аяғы 64 келісімшарт жасалып, бірқатар кәсіпкер шағын маркеттерін ашып үлгерген. Кейін қадағалау мекемелері құжаттарды тексере келе біраз олқылықтарды анықтап, келісімшарттарды біржақты бұзбақшы болды. Дегенмен, кәсіпкерлер дабыл қағып, мәселенің шешілуін талап етті.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Аян Бейсекиннің айтуынша, құжаттарды рәсімдеудегі қателікті жобаны жүзеге асырушы компания – «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жіберген.

«Жерді жалға беру келісімшартында «инвестициялық жоба» деген термин көрсетілген. Яғни, жоба бастапқыда инвестициялық сипатқа ие болған, бірақ ресми түрде бекітілмей қалған. Қазіргі уақытта олқылықтардың орны толтырылды, кәсіпкерлерге ешқандай шағымымыз жоқ. Олар алаңсыз жұмыс істей береді», - дейді Аян Бейсекин.

Жобаға алғашқылардың бірі болып қатысқандардың қатарында Айтпай Торсықбаев бар. Кәсіпкер жобаның жеңілдіктерін пайдаланып, шағын дүкен ашқан. Сауда павильонын салуға 10 млн теңгеге жуық қаржы жұмсап, бес жұмыс орнын ашқан.

«Келісімшартты бұзу туралы ескерту келгенде шошып кеттік, әрине. Себебі, жылдар бойы тірнектеп жинаған қаржыны осы жобаға жұмсадым. Дүкен сапаржай аумағындағы аулалардың ішінде орналасқан. Тұрғындарға ыңғайлы, күнделікті тұрмысқа қажет заттар мен азық-түлік сатамыз», - дейді Ардақ Торсықбаев.

Бүгінде жобаны жүзеге асыру жалғасын табуда. Жергілікті әкімдік кәсіпкерлер тарапынан түскен жаңа өтініштерді қарастырып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы