Кәсіпкерлер 2 жыл азық-түлік бағасын көтермеуге міндеттелді
Жергілікті билік облыстағы бірінші сұрыпты ұн мен одан дайындалатын өнім бағасын тұрақтандыру үшін ұн тарту кәсіпорнымен келісім шарт жасаған.
Атырау облысының кәсіпкерлеріне әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын тұрақты ұстау үшін 1 млрд 414 млн тенге қайтарымды қаржы берілді, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жұмыс 2022-2023 жылдарға арналған бағаны тұрақтандыру бағдарламасын іске асыру мақсатында қолға алынған. Бөлінген қаражаттың арқасында жергілікті бизнес иелері 2 жыл бойы азық-түлік құнын қымбаттатпауға міндеттеледі. Дегенмен, қайтарымсыз қаржы арқылы кәсібін дөңгелететін 4 компания, яғни «Идеал Маркет» ЖШС, «JCS-corporation» ЖШС, «Агро Қазына» ЖШС және «Агрофеликс» ЖШС уақытша алған қаржысын қайтаруы тиіс.
Бүгінде өңірдің тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 18 атауы шекті және шекті рұқсат етілген бөлшек саудадан аспайтын, сондай-ақ нарықтық бағадан орташа алғанда 21% - ға төмен бағамен сатылып жатыр. Тұрақтандыру қорына 3 041,4 тонна азық-түлік тауарлары, оның ішінде 1 953 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Бұл көлем облысты 2023 жылдың мамыр айына дейін қамтамасыз етеді. Картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат сияқты ауыл шаруашылығы өнімдері қаланың 4 базарында және 4 сауда павильонында сатылады. Сондай-ақ картоп 11 «Ярмарка» супермаркетінде сатылып жатыр, - деді «Атырау» ӘКК АҚ департаментінің директоры Дмитрий Дю.
Жергілікті билік облыстағы бірінші сұрыпты ұн мен одан дайындалатын өнім бағасын тұрақтандыру үшін ұн тарту кәсіпорнымен келісім шарт жасаған. Бүгінде наубайханаларға 4 005 тонна ұн сатылса, қорда қалғаны 606,5 тонна. 1 бөлке нан 80-82 теңге.
Тұрғындар қолға алынған істің жергілікті жұртқа пайдасы болады деген үмітте. Себебі облыстағы статистика департаменті мамандарының мәліметіне қарағанда өткен айдың өзінде ұн бағасы 7%, жұмыртқа 5,5%, құмшекер 4,2% және жармалар 2,1% өскен.