Кәсіпкер жерін әкімдікке беруге қарсы
Атыраулық кәсіпкер отбасылық бизнесінен айырылғалы тұр. Жергілікті биліктегілер нысан тұрған жерді мемлекет қажеттілігі үшін керек деп тартып алмақшы. Бірақ кәсіпкер бұған түбегейлі қарсы. Қайтарылатын жер ірі бизнес өкіліне өтіп кетуі мүмкін деп алаңдайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Константин Щербаковтың әкесі 30 жылдан астам уақыт кәсіппен айналысқан. Алғашында ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, кейін қала ортасынан жер алып, өз күшімен екі ғимарат салған. Онда гүл дүкені мен тамақтану орны болды. Өзі дүниеден өткен соң жұмыстың бәрі баласына мұра болып қалды. Қазір Константин қос ғимаратты жалға береді. Жуырда "жерді босат" деген хабарламаны алып, наразылық білдірді.
Бұл бизнес біздің отбасымыз үшін аса маңызды. Бұл әкемнің көзі. Ол менің бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруымды армандады. Бірақ әкемнің қайтыс болғанына көп уақыт өтпестен, мына жерді сат деп облыстағы ірі кәсіпкер хабарласты. Мен келіспейтінімді жеткіздім. Аз уақыттан кейін маған Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкіннен хат келді. Онда менің жерді босату керектігім, ол аумақтың мәжбүрлі түрде мемлекетке қайтарылатыны жазылған, - дейді кәсіпкер Константин Щербаков.
Бизнес иесі жерді ірі кәсіпкерге сатпағандықтан, ол компания әкімдікпен бірлесіп, жерімді тартып алмақшы деген ойда. Шенділер шағын бизнесті ысырып қойып, өңірдегі ірі бизнесті қолдауға басымдық беріп отыр деп қапалы.
Бұл жерге жол саламыз дейді. Бірақ дәл бұл көшеге жол қажет емес. Мұнда төрт жолақты, тақтайдай тегіс асфальт тұр. Төсемтастарына дейін жалтырап тұр. Бұл маңда кептеліс те болмайды. Ел Президенті өзінің 2022 жылғы жолдауында шағын және орта бизнес бұл экономиканың негізі екенін айтқан болатын. Бірақ біздің қаладағы жауаптылар оны елемейтін сыңайлы. Осы сәтті пайдалана отырып, Мемлекет басшысынан көмек сұрағым келеді. Мәселем құлағына жетсе деймін. Мен жерімді бергім келмейді. Бұл жалғыз табыс тауып отырған жерім. Жерімді қайтарып аламыз дегенде ешқандай ұсыныс айтпады. Бірақ сату туралы мүлдем ойым жоқ. Бұл нысандар қаланың қақ ортасында, жақсы жерде орналасқан. Тарихи маңызы бар. Ойымды өзгертпеймін, - дейді К.Щербаков.
Алдымен бұл түсініспеушілікке қатысты осы жерді сатып алуды көздеген ірі компания өкілдерінің жауабын сұрадық. Олар ұсыныс тастағанымызбен, кәсіпкер келіспегесін ол жерді мүлдем жоспардан сызып тастадық дейді. Ал әкімдіктің жұмысына еш қатысымыз жоқ деп отыр.
"Тексол" компаниясының иесі Шота Мерабович жерді сатып алу жөнінде ұсыныс тастады. Алайда Щербаков мырза ол ұсынысқа келіскен жоқ. Кейін біз ол жерді жоспардан сызып тастадық. Кәсіпкердің сөзіне қатысты айтатын болсақ, компания басшылығы ешқашан әкімдікке бұл мәселе бойынша хабарласқан емес. Оған қатысы жоқ. Қала ортасында 7 жыл бұрын отқа оранған қонақ үй ғимаратын алдық. Сол жерде көздеген мақсатымыз бойынша жұмыс жүргізіп, қала тұрғындарына пайдамызды тигізгіміз келеді. Біздің жобаның Щербаков мырзаның гүл дүкеніне тиесілі жер учаскесіне ешқандай ыспалын тигізбейді, - деді "Тексол" компаниясының өкілі Ерлан Әмірқұлов.
Ал әкімдіктегілер ол жерге автокөлік тұрағын салуды көздеп отыр. Бірақ оның қаншалықты қажет екенін ашып түсіндіре алмады. Дегенмен жазбаша берген жауаптарында тұрақтың аталған ірі бизнес иесінің қонақ үйінің маңына салынатынын көрсеткен.
Меншік иесіне қаражат не қаланың аумағынан басқа жер ұсынылады. Егер ол кәсіпкер ұсыныспен келіспеген жағдайда бұл мәселе сот арқылы шешіледі. Сот органдарында қаралады, - дейді Қала әкімі аппаратының бөлім басшысы Жігер Ибатоллаұлы.
Жер дауы бойынша заңгер пікірін де біліп көрдік. Жер кодексіне сәйкес, әкімдік аталған учаскені қайтарып алуға құқылы дейді. Дегенмен бизнес иесінің де талап-тілегі ескерілуі керектігін айтты.
Заңға сәйкес ол кәсіпкердің жері алынса, соған сай жер не ғимарат берілу керек. Ал егер де сіздер сұрағандай, бас жоспарда автотұрақ салынады деп көрсетіліп, кейін ол жер басқа мақсатта пайдаланылса, не болмаса басқа кәсіпкерге өтіп кетсе, онда жерінен айырылған кәсіпкер соның бәрін дәлелдеп сотқа шағымдана алады. Сөйтіп мүлікті өзіне қалдыру, не болмаса өтемақы өндіру бойынша талабын қоюға толық құқығы бар, - деді Заңгер Айдос Ибраимов.
Әкімдік тиімді ұсыныс айтып қалмаса, кәсіпкер дегенінен қайтпайды. Қанша жылдық еңбекті сарп етіп, жерді бере салуға үзілді-кесілді қарсы. Жақын арада әкімдікті сотқа беріп, даулы мәселені құзырлы органдардың көмегімен шешуді көздеп отыр.