Кәсіпкер Ресейден тауар әкелгенін жоққа шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейден тауарларды әкелуде салық төлеуден жалтаруға тырысқан қазақстандық кәсіпкерге айыппұл салынды.

Биыл маусымда ЖК иесі РФ-дан жалпы жұмысшыларға арналған қолғап әкелген. Тауардың салмағы 19 820 кг, құны 8 370 810 теңге, ал ҚҚС сомасы 1 004 497 теңгені құрады.

Бақылау нәтижесінде салық төлеушінің аталған кезең бойынша салық есептілігін ұсынбағандығы және салық төлемегені анықталды.

Хабарламаға жауап ретінде салық төлеуші ​​2019 жылғы маусымда тауар әкелмегенін, сәйкесінше салықтық есептілік нысанын ұсынбағанын түсіндірді.

"2019 жылғы 29 қазанда ҚР мемлекеттік шекарасындағы Батыс Қазақстан облысының "Сырым" өткізу пунктінде тіркемесі бар автокөлік тоқтатылып, онда құжаттарға сәйкес импорттаушы ресейлік жеткізушіден 5 263 608 теңге сомасына 1 455 қап (375 390 жұп) мөлшерінде жұмыс қолғаптарын Қазақстанға әкелгені анықталған, ҚҚС сомасы 631 633 теңге құраған. Мән-жайды анықтау барысында ол аталған тауарды шынымен импорттайтынын түсіндірді. 650 000 теңге мөлшерінде салық сомасын төлеп, салық есептілігін тапсыруға міндеттенді", - делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.

Тексеру барысында кәсіпкердің осындай ұқсас тауарларды елге әкелуі алғаш рет емес екендігі белгілі болды.

Осыған байланысты кәсіпкер биыл маусымда тауарларды әкелуге қатысты түсінік берді. Ол тауар әкелгенін, бұған дейін хабарламаға теріс жауапты қателесіп бергенін мойындап, 1 005 000 теңге мөлшерінде ҚҚС сомасын төледі. Толық салық есептілігін тапсыруға міндеттенді.

Енді салық төлеуші 1 655 000 теңге төленген салықтан бөлек, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 287-бабына сәйкес импортқа ҚҚС-ты уақтылы төлемегені үшін 30 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы