Кәсіпкер салық төлемейтіндерге несие бермеуді ұсынды
Кәсіпкер, Ұлттық құрылтай мүшесі Сырымбек Тау несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендетуді және салық төлеметіндерге несие бермеуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық құрылтайдың мақсаты - қоғамда болып жатқан талқыны Үкіметке тікелей жеткізу. Сондай-ақ Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеп, қоғамда болып жатқан дүниелерді Президентке жеткізу, - деді кәсіпкер.
Ол құрылтай аясында өткен экономикалық даму секциясында несиенің шекті мөлшерлемесі мәселесін көтерген. Кәсіпкер оған көңілі толмайтынын айтты.
Микроқаржы орталықтары 46%-ға дейін несие бере алады. Осыны түсіруді ұсындым. Екіншіден, кепілдік несие бар. Ол - 35%. Ол да үлкен. Өйткені жылдан-жылға халқымыздың қарыз алу көлемі өсіп бара жатыр. Қазір ол 13 трлн теңгеден асып кетті. Неге асып кетті? Халық кредитке құмар болып кетті ме? Қарап отырсаңыз, 46%-бен кредит алып, оны төлеу мүмкін емес. Сондықтан халықтың экономикалық сауаты әлі де болса бірқалыпты деңгейде қалып кеткен. Халықтың экономикалық сауатын арттыра отырып, кредит алған кезде қанша пайызбен алатынын түсіндіріп, мемлекет жоғары мөлшерлемеге шектеу қоюы керек, - деді Сырымбек Тау.
Кәсіпкер 46%-ды 35%-ға, ал кепілдік шектеуді 25%-ға дейін түсіруді ұсынып отыр.
Сонымен қатар Тау салық төлемейтін компанияларға несие бермеуді ұсынды.