Кәсіпкерлерге енді мөрдің керегі де болмайды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Кәсіпкерлердің енді мөрді жасатпауға құқығы бар. Бұрын кәсіпкер банктік есеп шот ашу үшін банкке барып құжаттар толтырып, мөр басуы керек болатын. Енді ешқайда шықпай-ақ электронды үкіметтен сол есеп шоттарды аша алады. 

Бұл туралы Алматы қаласы Әділет департаментінің Заңды тұлғаларды тіркеу жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ақерке Қожахметова брифинг барысында айтты.

Елімізде 2 ақпанна бастап Меншік құқықтарын қорғау және күшейту бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзетулер енгізілген. Осыған байланысты электронды үкіметте де кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдететін өзгерістер жасалған.

А. Қожахметованың айтуынша, Egov.kz электронды порталына заңды тұлға ретінде тіркелу барысында қосылған құнға салынатын салықты төлеуші ретінде де есепке тұруға болады екен. 

«2018 жылдың соңынан бастап Кәсіпкерлік кодекс пен бірнеше заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді екінші деңгейлі банктер мен өзге де мемлекеттік органдар шағын және орта бизнес субъектілерінен ешқандай құжатқа мөрлерін басуға міндеттей алмайды. Яғни кәсіпкерлердің мөрді жасатпауға құқығы бар. Бұрын кәсіпкер банктік есеп шот ашу үшін банкке барып құжаттар толтырып, мөр басуы керек болатын. Енді ешқайда шықпай-ақ электронды үкіметтен сол есеп шоттарды аша алады. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен жеңілдік»,-дейді ол. 

Сонымен қатар ол, электронды үкімет порталында 3 қызметті бір жерде алуға болатын композиттік қызмет пайда болғанын жеткізді.

«Заңды тұлғаны тіркеу барысында Банктік есеп шот ашуға, Сақтандыру компаниясымен өз қызметкеріңді сақтандыру келісімін жасауға және келісімшартты алуға болады. Банктік есеп шот ашатын кезде кәсіпкерлердің 4 банкті таңдау мүмкіндігі бар. Оның ішінде «Халық Банк», «Цесна Банк», «Альфа Банк» және «Forte Bank» бар. Қазір тағы тоғыз банкті енгізу бойынша тексттік жұмыстар жүргізілуде, яғни алдағы уақытта банктердің саны көбейе түседі»,-дейді Ақерке Қожахметова. 

Сақтандыру бойынша Egov.kz порталына қазір 3 компания енгізілген, тағы 4 сақтандыру компаниясын енгізу бойынша тесттік жұмыстар жүргізілуде екен.

Әділет Мұсахаев

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы