Кәсіпкер әйелдер табысқа жету құпиясымен бөлісті
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда өткен «WECON — Women Entrepreneurship Conference '19» конференциясында кәсіпкер әйелдер табысқа жету құпиясымен бөлісті.
Жиынға орта және шағын бизнесте жүргеніне екі жылдан сәл асқан нәзік жан иелері шақырылды. Ұйымдастырушы – Европалық құрылым мен даму банкі.
«Бұл бизнестегі әйелдерді біріктіретін платформа. Оған қатысушылар бірнеше адамның табысқа жету жолымен танысты және өзіне сабақ алды. Конференция барысында шетелдік және отандық тәжірибелі мамандар бизнесті дамытудың бағыттарын ашып түсіндірді. Сондай-ақ Көкшетауда кәсіпорындарды дамыту жолындағы кедергілер де әңгіме өзегіне айналды. Әр әйел өзінің бизнесін өзінше құрады. Кемшіліктерін де өзі түзетеді. Бүгінгі күні Қазақстанда іскер әйелдер ассоциациясы жер-жерде құрылып, жұмыс істеп жатыр. Олар өздерінің тәжірибесімен бөлісуге қашанда дайын»,– дейді «Шағын бизнеске кеңес» ЕҚДБ бағдарламалардың ұлттық менеджері Алма Қасымова.
Банктің бір ерекшелігі әйел адамдарды еркекке ғана тән деп есептелетін құрылыс, тау-кен, металлқұрылымдарын жасау бойынша өз ісін ашуға жетелеу болып табылады. Конференция барысында «SunLight»жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізін қалаушы Әмина Әділбекова өзі басқаратын компанияның құрылған күнінен бастап, кездескен кедергілерді және оны қалай жоя білгенін ортаға салды. Бүгінде нарықта өзіндік орны бар құрылым жетекшісі ешқашан ештеңеден тайынбай, алға баса беру керек екенін айтады.
Конференцияның бизнес-тренерлері A.STUDIO брендингтік агенттігінің басқарма әріптесі Анна Собянина, «ЛидМашина» интернет-маркетингтік агенттігінің web-сарапшысы Елена Брыкова бизнес жүргізу тәжірибесімен бөлісіп, нарықтағы жаңа өнімдер жайлы айтты.
«Бұл жолғы шараға түрлі салада өз ісін ашқан көкшетаулық 36 кәсіпкер қыз-келіншектер қатысты. Дәл осындай қажетті конференцияларды алдағы уақытта еліміздің басқа да қалаларында өткіземіз деп отырмыз», - дейді WECON жобасының жетекшісі Лейла Махмудова.