Кәсіпкер әйелдер кезігетін кедергілер көп пе?

Еліміздің кәсіпкерлер әйелдері әлі де экономикалық және гендерлік кедергілерге тап болып жүр. Бұл туралы «Орталық Азия елдеріндегі әйелдер кәсіпкерлігі» тақырыбындағы кездесуде айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біздің ұйым әйелдер кәсіпкерлігі мен гендерлік тепе-теңдікті дамыту бағытында жұмыс істейді. «Орталық Азия елдеріндегі әйелдер кәсіпкерлігінің күн тәртібі» өңірлік бағдарламасы жобасын Әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі жаһандық WAGE  консорциумы жүзеге асырады. Жобаның мақсаты Орталық Азиядағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және әйелдерге қатысты гендерлік зорлық-зомбылықты төмендету. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін және гендерлік теңдікті дамыту жөніндегі коалиция құрылды. Қазіргі уақытта бірлестік 30-дан астам әйелдер бизнес-қауымдастығын, азаматтық қоғамның әйелдер ұйымдарын және кәсіпкерлерді біріктіреді, - деді «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі төрайымы Меруерт Қазбекова.

Елімізде 2022 жылғы наурыз бен шілде аралығында коалиция мүшелері 324 адамның қатысуымен консультативтік кездесулер ұйымдастырыпты.

Атап айтқанда фокус-топтар көптеген кәсіпкер әйелдерді қатыстырып, пікірталастар, әлеуметтік және мәдени-креативті кәсіпкерлік бойынша дөңгелек үстелдер,  кәсіпкер әйелдерге қатысты гендерлік зорлық-зомбылық мәселелері бойынша онлайн сауалнамалар мен тренинг өткізді. Кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары туралы барлық ақпаратты көрсететін бірыңғай онлайн бизнес-платформаның жоқтығы, қаржы ресурстарына қолжетімділіктің қиындығы, Қазақстанда тәжірибеде қолданылатын сапалы бизнес-оқытудың жоқтығы, гендерлік кедергілер және т. б. мәселелер әйелдердің кәсіпкерлік қызметке толыққанды қатысуына мүмкіндік бермей отыр, - деді Меруерт Қазбекова.  

Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін әйелдерге орыс тілінен қазақ тіліне дұрыс аударылмаған құжаттар да түсініксіздік тудырады. Техникалық аудармалар тілін көп адам түсіне бермейді дейді олар.

Еліміздің алты аймағынан 5 фокус топ құрылды деп айтып өттік қой. Кәсіпкерлікті дамытуға қандай кедергілер бар. Талдау нәтижесінде әсіресе қазақтілді аймақтарда ақпараттандырудың аздығы көп кедергі екені анықталды. Мемлекеттік органдар арқылы жасалатын жеңілдіктер туралы аз айтылады екен. Көбінесе ауылды жерлерге қазақ тіліндегі ақпарат жетпей жатады. Бізде  бөлу де бар. Көбінесе көпбалалы аналар немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар әлеуметтік көмек алып бизнес ашып жатады. Ал бұл топқа енбейтін әйелдер кәсіп ашқысы келсе де неден бастарын білмей, тиісті ақпаратты қайдан аларын білмей жатады. Сол жағдайда көмек береміз, - дейді «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі мүшесі Диана Ахметжанова.

Ұйым өкілдері гендерлік тепе-теңдік мәселесінде де кедергілер барын айтады.

Сондай-ақ біз тұрмыстық, психологиялық, экономикалық зорлық-зомбылық  фактілеріне қатысты мәселені көтереміз. Көп жерде мінезіміз бен менталитетке байланысты, ұят болады деп жасырып қалатын кездеріміз көп болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан басқа, жұмыс орнындағы осындай жағдай да кездеседі. Оңтүстік аймақтың кәсіпкер әйелдері өңірде стереотиптер мен кедергілер барын айтады. Көп әйелдер кәспкерлігін бастағанымен, оны ары қарай дамытып кете алмай жүр. Сол жолдағы кедергілер мәселесін көтеріп, өзіміздің ұсыныстарымыз бен сауалдарымызды жоғары жаққа, атап айтқанда Мәжілістің жұмыс топтарының назарына ұсынып жатырмыз, - деді Диана Ахметжанова.

Ол әлеуметтік кәсіпкерлік туралы да айтты.

Қазірде әлеуметтік кәсіпкерлік деген бар. Осыған қатысты заң жобасында да кемшін тұстары жетеді. Қазір осы заңға қатысты толықтырулар енгізуді ұсыну мәселесін қарастырудамыз. Біздің коалиция қатарында бұрынғы депутаттар да бар, сондықтан бұл жәй айтылып қалатын нәрсе болмауы керек.  Әлеуметтік кәсіпкерлік дегенде көп кәсіпкер өзінің осы салада жүргенін білмейді екен. Анықтамағыздай әйелдер кәсіпкерлігі деген ұғым заңмен мүлдем бекітілмеген екен.  Әлеуметтік кәсіпкерлікке мектепке даярлық топтары, аула клубтары кіреді. Олар сол қызметінен тіпті пайда көрмеуі мүмкін. Бірақ олар халыққа пайдасын тигізіп отыр. Осындай бағыттағы әлеуметтік кәсіпкерлер реестрін, тізімін жасағымыз келеді. Оларға қандай көмек көрсетіп, гранттар қалай беріледі сол тұстарды түсіндіріп қарастырамыз,- деді спикер.

Сондай-ақ спикер кретивті индустрия саласына да тоқталды. 

Мысалы қолөнершілер өздерін сол салаға жатқызуға болатынын, сол салада өздерінің авторлық құқықын қорғай алатынын түсіндіреміз. Шетелдерде креативті индустрия ел драйверіне айналған. Біздің де осы бағытта біраз ұсыныстарымыз бар.

Сондай-ақ, әр түрлі деңгейдегі ұйымдар мен компанияларды басқаруға әйелдерді тағайындауда да кедергілер жетерлік. Басшылық лауазым мен отбасын біріктіру мүмкін емес сынды стереотиптік кедергілерден басқа, көшбасшылық позициялардағы жұмыс «ерлерге тән» деп саналады. Жұмысқа қабылдау және жоғарылату кезінде гендерлік біржақты көзқарас білінеді. Көптеген компанияларда гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласында ішкі саясат пен қажетті бағдарламалар жасалмаған, - дейді «Қазақстанның кәсіпкер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі мүшесі.    

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы