Қашықтан және дәстүрлі оқыту: Қайсысын таңдайсыз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ертең 2021-2022 жаңа оқу жылы басталады. Осы орайда коронавирус инфекциясы таралғаннан бері білім беру процесіне қашықтан қатысқан оқушылар, студенттер және мұғалімдерден дәстүрлі форматқа дайындығын білдік.

Естеріңізде болса, 2020 жылы наурыздың аяғынан бастап инфекцияның таралуына жол бермес үшін оқушылар мен студенттер қашықтан оқыған болатын.

Кейін елдегі, оның ішінде әр аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты аралас форматта, оқушы саны 300-дей болатын шалғайдағы мектептер дәстүрлі форматқа ауысты.

Енді биылғы жаңа оқу жылы Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасына сәйкес дәстүрлі (офлайн) форматта басталады.

Осы ретте оқу процесіне қатысатын мұғалімдер мен оқушылардан және студенттерден дәстүрлі форматқа ауысу туралы пікірлерін білдік.

Мұғалім


Түркістан қаласындағы №22 жалпы орта мектептің география пәні мұғалімі Айжан Серқұл:

Жаңа оқу жылына дайынмын. Былтыр бәріңіз білесіздер, қашықтан оқыдық. Қиындығы да, қызық сәттері де болды. Негізі оқушыларға білімді дәстүрлі, штаттық режимде берген дұрыс деп есептеймін. Себебі оқушы мен мұғалім арасында тікелей байланыс болады. Ал онлайн оқыту кезінде сабаққа уақытында қосылмайтын балалар да болатын. Ертең жаңа оқу жылы басталғалы тұр. Оқушылардың және мектептегі басқа да қызметкерлердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында барлығымыз мектепке Ashyq арқылы кіреміз. Мектепте, сыныпта санитарлық талаптар қатаң сақталады. Жаңа оқу жылында оқушыларға және әріптестеріме сәттілік тілеймін!

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің физика пәні мұғалімі Назгүл Қажкен:

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектебінде 2021-2022 оқу жылының басталуына орай Білім күні мерекесі ұйымдастырылып жатыр. 1-2 сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау салтанатты жиыны және 3-12 сынып оқушылары үшін сынып сағаттары өткізіледі. Мектеп санитарлық талаптарға сай оқу процесін ұйымдастыру мақсатында барлық дайындық жұмысттарын жүргізіп жатыр. Сабақ ұзақтығы бастауыш сыныптарда 40 минут, ал негізгі және жоғары сыныптарда 60 минут болады. 

Сабақтар кабинеттік жүйеде өткізіледі, яғни әр сынып бекітілген бір кабинетте отырады, тек мұғалімдер кабинеттер бойынша ауысып жүреді.

Пандемия жағдайында мектепте ұзықтығы 40 минуттық сабаққа көшу жоспарланып отыр.  Мектеп қыркүйек айында оқушылардың білімдерін тексеру мақсатында бақылау тексеріс жұмыстарын алып, өткен жылғы оқушы біліміндегі кемшіліктермен жұмыс жасайды. Осы оффлайн жағдайды барынша пайдаланып, оқушы біліміндегі олқылықтармен барынша жұмыс жасау керек. Қыркүйек айының екінші жартысында ата-аналар жиналысын өткізу жоспарда бар.

Оқушы


А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінің 4-сынып оқушысы Ерасыл Ерлан:

Биылғы оқу жылында мектептен оқуға дайынмын. Маған үйден отырып, онлайн оқыған ұнайды. Себебі үйде үй тапсырмасын жылдам орындап, уақытты үнемдеуге болады. Ал қалған бос уақытта өзімнің қызығушылығыммен айналыса аламын. Ал офлайн оқытуда таңертең ерте тұрып, мектепке баруға және түстен кейін үй тапсырмасын орындауға көп уақыт кетеді. Яғни онлайн мен офлайн оқудың жағымды және жағымсыз жағы қатар бар. Мысалы, онлайн оқуда достарыңмен тікелей көрісе алмайсың, сабақ үстінде үйде тек жалғыз өзің отырасың. Одан басқа, кейде компьютер не телефон жетпей, интернеттен қиналатын кездер болады. Кей кездері ZOOM-ға қосыла алмай, сабақты өткізіп жіберген уақыттар да болды. Ал офлайн оқығанда ZOOM керек емес, мұғалім өзі сабақты түсіндіреді. Достармен араласып, үзіліс арасында ойнауға болады.

Ерасылға мектепке барып оқыған тиімді болса да, онлайн оқыған ұнайтынын айтты.

Студент


С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ІІІ курс студенті Райымбек Ғаббасов:

Пандемия тек білім саласына ғана емес, барлық салаға өзгеріс енгізді. Біз бір жылды онлайн оқуға мәжбүр болдық. Әрине, ол көңілді көншітпеді. Себебі университетке барып, группаластармен әңгімелесіп, білімді дәстүрлі түрде алғанға ештеңе жетпейді. І курстан кейін бірден онлайнға көштік. Адамның өмірінде есте қалатын, ең жарқын сәттерінің бірі – студенттік шақ. Бұл індеттің әсерінен біз оның жарты уақытын үйде өткізуге мәжбүр болдық. Енді биылдан бастап дәстүрлі форматта оқуға көшпекпіз. Сақтық шараларын да сақтау керек. Себебі вирус ұйықтамайды. Сол үшін университетте айналама кесірім тиіп кетпеуі үшін вакцинаның алғашқы компонентін алдым. Енді жақында екіншісін де алмақпын.


Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ІІІ курс студенті Дариға Атахан:

Ия, жаңа оқу жылына дайынмын. Биыл сабақты дәстүрлі форматта басталады дегенде өте қатты қуандық. Студент болғаннан кейін университетке барып, қатарластарыңмен бірге отырып, білім алғанға ештеңе жетпейді. Жалпы оқудың дәстүрлі форматта жалғасқанын қалаймын. Себебі жаңа сабақты түсінбей қалсаң, сабақ үстінде мұғалімнен бірден сұрап алуға немесе туындаған сұрақты талқылауға мүмкіндік болады. Сондай-ақ сабаққа керек ақпаратты интернеттен таба алмаған жағдайда университет кітапханасынан іздейтінбіз. Сол үшін де дәстүрлі форматқа ауысып жатқанымызды қуана қабылдадым.

Онлайн оқудың қиындығы да болды. Оның бірі – интернет желісінің дұрыс істемеуі, сондай-ақ кейде телефон не компьютердің алдында 5-6 сағаттан отырғанда көз ауырып, ми дұрыс демалмайтын болды. Осындай кемшіліктері болмаса, онлайн форматтағы оқу да жақсы өтті, қажетті білімді ала алдық.

Еске сала кетейік, биыл карантин талаптарын сақтай отырып, республика бойынша барлық білім мекемеcі сабақты штаттық режимде бастайды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы