Қашықтан білім беруді тоқтатпау керек – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қашықтан білім беруді тоқтатпау керектігін айтты.

Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік беру - тұтас қоғам дамуының кепілі. Бұл ұстаным, әсіресе, білім саласы үшін өте маңызды. Шын мәнінде білім беру мәселелері әрқайсымызды толғандырады. Соңғы жылдары білім беру жүйесін дамытудың басты бағыттары мен жолдарын айқындадық. Енді нақты шешімдер қабылдау керек. Жалпы, білім беру жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияның рөлі ерекше. Бұл індет кезінде анық байқалды. Мобильді операторлар карантин кезінде қашықтан оқытуға жол ашты. Соның арқасында Қазақстанның 600 білім ресурсын шектеусіз пайдалануға мүмкіндік туды, - дейді Тоқаев.

Ол бұл қадам оқушылардың арасындағы цифрлық проблеманы жеңілдеткенін айтты.

Қашықтан білім берудің осы әдісін тоқтатпай жалғастыра берген дұрыс деп санаймын. Интернет тарифтері арасында отандық білім беру ресурстарын мектептерге тегін ұсыну керек. Үкіметке бұл міндеттерді жан-жақты пысықтауды тапсырамын. Тағы бір маңызды міндет - педагогика және медицина мамандарын даярлау. Бұған дейін біз педагогикалық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің стипендиясын көтеру туралы шешім қабылдадық. Бұл қадам өз жемісін берді. Сондықтан медициналық оқу орындарындағы стипендияны көбейту қажет, - деді Президент.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы