Қашағандағы қарбалас: Мұнай өндіруге әйелдер қандай үлес қосып жүр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі мұнай және газ кен орны Қашаған болып есептеледі. Ол Атырау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 80 км жерде орналасқан.

Қашаған 75 км x 45 шақырым аумақты алып жатыр. Кен орнының коллекторы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр.  Соңғы зерттеу деректеріне сәйкес, кен орынның мұнай қоры 9–13 миллиард баррель. Ал осындай алып кәсіпорынның жұмысына үлес қосып жатқан нәзік жандылар туралы не білеміз? Мұнай өндіру ісіндегі әйелдердің үлесі туралы компания қызметкері Майгүл Смағұловадан сұрап білдік.


Мақсатқа айналған арман

Майгүл Смағұлова Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында дүниеге келген. Әке-шешесі де сол жақтың тумалары. Әкесі Серік аудан совхозында бас есепші болып қызмет істеген. Өзі Нұр-Сұлтан қаласында тұрады, 2 інісі мен 1 әпкесі бар.

Бекжан деген бір ұлым бар, шетелде оқыған. Қазір Теңіз жобасында келінім екеуі бірге қызметтерін атқарып жатыр. Имран атты немерем бар. Жалпы өзім Алматыдағы KazGASA университетін бітірдім. Мамандығым - азаматтық құрылыс саласы. Әр адам өзінің қалауына байланысты өмір жолын таңдайды ғой. Мен Қашаған жобасындағы еңбек жолымды 2003 жылы Болашақ қондырғысында бастадым, - деп бастады өзінің еңбек жолы туралы Майгүл Смағұлова.
Оның айтуынша, Болашақ зауытында ең алғашқы қадаларды салып жатқан сәттен бастап жұмыс істегеннен кейін бұл жоба ол үшін өте ыстық.


Себебі мен бұл жобаның іске қосылып, жұмыс жасағанын қатты көргім келді. Арманым еді. Зауыт пен Батыс Ескене арасын жалғайтын ең алғашқы жолды мен жасаған мердігер компания салды. Сол жерде инженер болып жұмыс істедім. Алматыдағы кеңседен Атырауға ауыстым. Шетелдік жобада жасалған алғашқы қадамым осы жерде басталды. Сметщик, плановый инженер болып 2016 жылға дейін Болашақ зауытының құрылыс барысы мен іске қосылғанға дейін қызмет еттім. Жоспарлау бөлімінде жасап жүріп, 2019 да оффшорға (теңіз кешені) Техникалық күтім жасау бөліміне ауыстым, - дейді ол.

Маман айтқандай, адам қалаған мақсатына талпынса, ешқандай кедергіге қарамастан алға ұмтыла береді.


Иә, осы теңіз кеніші болсын, құрлықтағы нысандар болсын 95 пайызы ер адамдар. Әйел адамды жиі кездестіре бермейсіз. Бірақ олардың арасында жұмыс істеудің де өз әдемілігі бар. Әйелдер өмірдің сәні ғой. Ерлер сияқты тап бір далада болмасам да, бағдарлау, жобалауда болған соң кеңседе істеймін. Білмеген нәрселерді үйретеді, бір-бірімізді қолдап отыру арқылы серіктес ретінде жұмыс істеуге әбден үйреніп кеттік, - дейді Смағұлова.

Оффшордағы қызмет

Қазір Майгүл Смағұлова оффшорда (теңіз нысандарында) жұмыс істейді.

Әйел үшін, отбасылы адам үшін, әрине, 28 күн түзде жүру оңай емес. Бірақ әр адамның арманы болғаннан кейін кей адамдар осыған төзеді. Оффшордағы әріптестеріміздің бәрі бір үйдің баласындай отбасы іспеттес болып кеткен. Біреуіміз вахтаға келмей қалсақ, кәдімгідей алаңдап жатамыз. Жарты жыл бойына жұмыс істеген соң бауыр басып қаламыз, - дейді ол.
Майгүл Смағұлова жұмыстың күрделілігі туралы да айтып берді.


Оңай болды деп айтпаймын. Ең алғашқы жұмысымда құрылыс жұмыстарын жобада көрсетілгендей етіп тапсыру қажет еді. Күздің ыстық-суығына қарамастан сол салынған нысандарды тексеріп, тиісінше тапсыру міндеттелді. Атыраудың жерін білесіз (жел, топырақ). Шамамен 5000-ға жуық адам болды, сансыз техникалық құрылғылар. Соның арасында жүрдік. Күннің ыстық-суығына қарамастан жасадық. Кішкентай кездегі осындай үлкен зауыт арманым болған соң, әр қиындықтан кейін жақсылық келетініне сендім. Шыдадым, - дейді ол.

Майгүл Смағұлова әлемдік деңгейдегі компанияда жұмыс істеудің жауапкершілігін айтты.


Өткенге көз жүгіртсем, жоба аясында қанша мың адам жұмыс істейтінін көріп, сол кездегі еңбектің жемісі екенін түсінеміз. Зауыт әлемдік деңгейдегі нысан екенін түсінеміз. Бұл менің өзіме жігер береді. Кеудемді қуаныш кернейді. Болашақ ұрпаққа қалатын нәрсе істедік деп ойлаймын. Бұл дүниежүзілік жоба болған соң, осында жүріп шетелдік әріптестерден үйренген тәжірибеміз де көп екенін айтқым келеді. Қазір ол кісілермен бірдей деңгейде жұмыс істеп жүрміз деп айта аламын. Сол кездегі қиындықтар бүгінгі жетістіктердің арқасында ұмытылғандай болады, - деді Смағұлова.

Әр қиындық– тәжірибе


Саралай келе түйген нәрсем: әр қиындық – сабақ. Ол қиындықты мен өзгеріс деп қабылдаймын. Әр қиындықтың артында үлкен сабақ жатыр. Ол тәжірибеге айналады. Өзімізді жақсы жаққа өзгертсек, келесіде жеңіл болады. Нендей жағдай болмасын қиын кезеңде әріптестер бір-бірімізге көмектесіп отырамыз. Бір үйдің баласындай қолдаймыз. Жұмыла көтерген жүк қашан да жеңіл ғой. Бұлтты күннен кейін әрқашан Күн шығады. Оффшорда жүру қиын болса да, ол менің арманым. Біздің мамандар шетелдік жобаларда еш қиындықсыз жұмыс істей береді. Менің қызметтегі де, үйдегі де әр күнім қуаныш сыйлайды, - деп түйіндеді ол.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы