Қаржылық бұзушылықтар үшін екі мыңнан астам лауазымды тұлға жауапқа тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халық алдындағы есеп беру кездесуі кезінде айтты.

Оның айтуынша, 10,4 трлн теңгеге 1,4 млн-нан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Қорытындысы бойынша 983 млрд теңгеге бұзушылық бойынша ескерту жасалды.

251 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық анықталды, оның 74%-ы бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жүргізуге қатысты. Тауарларды жеткізуді, қызметтерді көрсетуді және жұмыстарды орындауды қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 237 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. 251 материал құқық қорғау органдарына жіберілді, ал бұзушылықтарға жол бергені үшін 2 349 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, - деді ол.

Министр аудит объектілері қызметінің тиімділігін арттыру үшін 1 950 ұсыным берілгенін атап өтті.

Бюджетті атқарудың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі мемлекеттік сатып алу болып табылады. Бүгінде оның бүкіл процесі автоматтандырылған. Веб-порталда 109 мыңнан астам өнім беруші мен 24 мың тапсырыс беруші тіркелген. Мемлекеттік сатып алу көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 30%-ға өсіп, 5,9 трлн теңгеден астам соманы құрады, - деді министр.

Оның сөзіне сүйенсек, өткен жылы мемлекеттік сатып алу кезінде шартты үнемделген қаражат 448 млрд теңгені құрады. Жалпы соңғы үш жылда үнемдеу 1 трлн теңгеден астам болды.

Еске салсақ, есептік кездесуі кезінде Ерұлан Жамаубаев мемлекеттің кірістері мен шығыстарының мөлшері туралы айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы