Қаржы министрлігіне бағынатын акционерлік қоғамдардың немен айналысатыны белгілі болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халық алдындағы есеп беру кездесуі кезінде айтып берді. Оның айтуынша, министрлікке бағынысты компаниялар өз қызметтерін сәтті атқаруда.
«Электрондық қаржы орталығы» мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу бойынша Бірыңғай операторы және бюджет процесінің интеграторы болып саналады. Электрондық қаржы орталығының көмегімен мемлекеттік сатып алудың бүкіл процесі автоматтандырылды, бюджеттік жоспарлау мерзімі 2 есеге қысқартылды, салық төлеуші кабинеті жұмысының жылдамдығы 8 есеге артты, байланыс орталығы тәулік бойына, 24/7 режиміне ауыстырылды, - деді ол.
Министрдің айтуынша, нәтижесінде 2020 жылы 915 млн теңге таза пайда алынды, оның 700 млн теңгесі дивиденд ретінде республикалық бюджетке аударылды.
Ал «Ақпараттық-есептеу орталығы» қызметіне қатысты айтар болсақ, Оның негізгі қызметі мемлекеттік меншікті есепке алу, жекешелендіру нәтижелерін ұйымдастыру, бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызмет көрсету, қаржылық есептілік депозитарийін жүргізу, астық қолхаттарын ұстаушылардың тізілімін жүргізу, - деді ол.
Орталықтың цифрлық платформаларының 400 мыңдай пайдаланушысы бар.
Өткен жылы көмірсутектерге жер қойнауын пайдалану құқықтарын іске асыру бойынша аукциондар үшін электрондық сервис енгізілді. Былтыр 23 желтоқсанда жер қойнауының жеті учаскесі бойынша алғашқы электрондық сауда-саттық өткізілді. Ашықтық пен бәсекелестік нәтижесінде ондағы бастапқы баға 263 млн теңгеден 61 млрд теңгеге дейін өсті, - деді ол.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануға цифрлық мониторинг пен бақылауды енгізу жөніндегі IT-жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық байқауында 150 қатысушының ішінен 2-орынды иеленіп, үздіктердің бірі болып танылды.
Проблемалық кредиттер қорының екі стратегиялық бағыты бар. Соның бірі банк секторын сауықтыру және сатып алынған активтерді экономикалық айналымға тарту. Проблемалық активтерді сауықтыру және борышкер компанияларды экономикалық айналымға тарту үшін 43 борышкер компанияның берешегі қайта құрылымдалды, - деді ол.Министрдің айтуынша, 2019-2020 жылдары Қор өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың борыш жүктемесін азайту бойынша қаржы операторы қызметін атқарды. Екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарының шоттарына 700 мыңнан астам адамның қарызы өтелді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
“Жан Шуақ” сыйлығының лауреаттары марапатталды
Өзгелердің жаңалығы