Қаржы министрі Есеп комитеті ескермеген салықтық түсімдер туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Есеп комитеті салықтық және кедендік тексерулер мен камералдық бақылау нәтижелері бойынша ғана қосымша түсімдерді ескерген. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері толық атқарылды. Бюджет түсімдері 12 трлн 49 млрд теңгені немесе жоспарға 100,3 пайызды құрады. Яғни жоспар орындалды. Шығыстар 98,3 пайызға игерілді және 14 трлн 234 млрд теңге болды. Бюджет тапшылығы 2 трлн 185 млрд теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 3,1 пайызын құрады. Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар дер кезінде әзірленіп, қабылданды. Бұл жұмыс орындары мен іскерлік белсенділікті сақтауға мүмкіндік берді, - дейді Ерұлан Жамаубаев.
Ол республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Есеп комитеті Үкіметтің есебіне бірқатар ескертулер мен ұсынымдар бергенін атап өтті.
Есеп комитеті салықтық әкімшілендіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтсақ, қосымша салық түсімдерінің 7 есеге төмендеуі туралы ескерту болды. Шын мәнінде, 2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетте қосымша салық түсімдерінің жоспарлы көлемі 1,5 трлн теңгені емес, 476 млрд теңгені құраған. Бұл ретте, Есеп комитеті салықтық және кедендік тексерулер мен камералдық бақылау нәтижелері бойынша ғана қосымша түсімдерді ескереді. Алайда фискалдық органдар қолданатын шаралар әлдеқайда кең және оның ішінде әкімшілендірудегі цифрлық қолдануды да қамтиды. Салықтық және кедендік шаралар есебінен іс жүзінде қосымша түсімдер 710 млрд теңге. Бұл өткен жылы қолданылған тексерулерге мораторийге және бизнеске ұсынылған салықтық жеңілдіктерге қарамастан болып отыр, - деді министр.
Оның айтуынша, осылайша іс жүзінде дағдарыс жағдайында қосымша түсімдер көлемінің азаюына жол берілмей, керісінше, бекітілген жоспарлы кіріс көлемі 1,5 есе асыра орындалды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы