Қаржы министрі бюджетті игермеген министрліктерді атады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ҚР 2021 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы өткен Үкімет отырысында айтты.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,1%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,7%-ға атқарылды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейінде атқарылу көрсеткіші жоғары, - деді ол.
Жамаубаев атағандай, республикалық бюджет бойынша сомасы 4,8 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді.
Атқарылмау 20 млрд теңгені құрады, оның ішінде 7 млрд теңге - үнемдеу. 13 млрд теңге игерілмеген. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Ішкі істер, Қорғаныс, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Білім және ғылым, сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігінде қалыптасты, - деді ол.
Министр қаржы не себепті игерілмегенін айтты.
Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдердің ұзақ өткізілуі және уақтылы өткізілмеуі, төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі, орындалған жұмыс үшін жүргізілген; орындалған жұмыстар актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы, шарттарды ұзақ келісу. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 2,1 трлн теңгені құрады. 28 млрд теңге атқарылмаған, - деді ол.
Ол атағандай, биыл өңірлерге 1,9 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген.
Оларға 1 мамырға 456 млрд теңге бөлінген. Оның 98,9%-ы игерілген. 5 млрд теңге атқарылмаған, оның ішінде 1 млрд теңге – үнемдеу, 4 млрд теңге игерілмеді. Ең көп игерілмеу: Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында қалыптасты, - деді министр.Еске салсақ, Жамаубаев республикалық бюджетке қанша кіріс түскенін айтқан болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Жамаубаев республикалық бюджетке қанша кіріс түскенін айтты
Келесі жаңалық
Ақтөбеде 500 адам баспана құқығынан айырылған
Өзгелердің жаңалығы