Қарусыздану дипломатиясының әлеуетін ашу - маңызды міндет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Иордания астанасы Амман қаласында онлайн форматта ұйымдастырылған Ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау туралы шартты (ЯҚТШ) қолдау жөніндегі Стокгольм бастамасының үшінші Министрлік кездесуіне қатысты.

Қатысушылар қарусыздандыру дипломатиясының әлеуетін ашудың ықтимал жолдарын талқылады, бұл ағымдағы жылдың тамыз айына жоспарланған ЯҚТШ мерейтойлық Шолу Конференциясын өткізу алдында ерекше өзекті.

Министр «әлемдегі күрделі жағдайды ескере отырып, барлық мемлекеттердің сенімді қалпына келтіру бойынша бірлескен күшейтілген жұмыстың маңыздылығы қазіргі заманның көптеген проблемаларын шешудің кілті болып табылатынын» атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан азат әлем үшін Жаһандық Көшбасшылар альянсын құру жөніндегі бастамасын қоса алғанда, ядролық державалар арасында диалог құру жөніндегі қазақстандық бастамалардың өзектілігі атап өтілді.

Ол сондай-ақ ЯҚТШ Шолу Конференциясы ядролық қарусыздану тарихындағы маңызды оқиға – Семей сынақ полигонының жабылуының 30 жылдығымен сәйкес келетінін атап өтті.

Қазақстан 2019 жылдан бері іске асырылып келе жатқан Ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау туралы шартты (ЯҚТШ) қолдау жөніндегі Стокгольм бастамасының белсенді қатысушысы болып табылады.

Планетаның әртүрлі континенттерін (Аргентина, Канада, Финляндия, Германия, Индонезия, Жапония, Иордания, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Корея Республикасы, Испания, Швеция және Швейцария) ұсынатын осы форматтағы қатысушылар халықаралық қоғамдастықты, ең алдымен ядролық қаруы бар мемлекеттерді доктриналар мен қауіпсіздік саясатындағы ядролық қарудың рөлін төмендету үшін барлық қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануға, сондай-ақ толық ядролық қарусыздануға шақырады.

Келесі министрлік кездесу ЯҚТШ Шолу Конференциясы қарсаңында өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы