Қарулы Күштерде «Алтын жебе – 2021» кешенді тексеруі жүргізілуде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің Қарулы Күштерінде «Алтын жебе – 2021» кешенді тексеруі жүргізілуде, оған үш мыңнан астам әскери қызметші мен үш жүз бірлік жауынгерлік және авиациялық техника тартылды.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.Бірінші кезең еліміздің шығысында басталды. Әскери бөлімдер жауынгерлік әзірлікке келтірілді жәіне жауынгерлік міндеттерді орындау ауданына марш жасады. Қазақстанның оңтүстік-шығысынан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері жеткізілді. Тексеруге ұшқышсыз ұшатын аппараттардың есептоптары, барлау-сигнал беру құралдарының кешендері, артиллериялық бөлімшелер, армиялық және әскери-көлік авиациясы тартылады.
Жыл сайын кешенді тексеруді тапсыру шарттары күрделеніп, жетілдіріліп отырады. Біз қарулы жанжалдарды, қару-жарақтың жаңа түрлерін қолдануды, ұрысты жүргізудің қазіргі заманғы тәсілдерін мұқият талдаймыз және осының бәрін оқу-жауынгерлік міндеттерді жоспарлау кезінде ескереміз, - деді оқу-жаттығу жетекшісі полковник Болат Жорабаев.
Тексеру кезінде басқару органдарының жұмысына, қарсыласты мұқият барлауға, артиллерияның оқ атуын түзетуге және ұшқышсыз ұшатын аппараттарды пайдалана отырып, авиацияны бағыттауға ерекше назар аударылады. Диверсиялық-барлау іс-қимылдарын жүргізу, күндіз және түнде армиялық тактикалық оқ ату жаттығуларын орындау, ұшу мен торуылдағы жауынгерлік оқ атулар бойынша іс-қимылдар бағаланады.
Әскери қызметшілер тактикалық-арнайы, инженерлік, әскери-медициналық даярлық, мина-жарғыш ісі бойынша жеке сынақтар, байланыс және әскери топография бойынша нормативтер тапсырады.
50 километрлік рейд жасау және оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында дене төзімділігі мен психологиялық жүктемеге төзе білуі тексеріледі.
«Алтын жебе – 2021» кешенді тексеруі 9 сәуірге дейін жалғастырылады және барлық өңірлік қолбасшылықтардың, десанттық-шабуылдау әскерлері мен әскери-әуе күштерінің бөлімшелерін қамтиды.