Қарулы Күштер төтенше жағдай салдарын жоюға қатысу мәселелерін пысықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігінің аппарат кеңесінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, келесі аптаға тапсырмалар қойылды.

Лауазымды тұлғалар ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларымен, Қарулы Күштердің альпілік бөлімшелерімен жиындар, «Тактик» взвод командирлерін даярлау курстары, сондай-ақ авиацияның оқу-жаттығу ұшулары өткізілгені жөнінде баяндады.

Взводтарды даярлау қорытындысы шығарылды. Жауынгерлік атыстың нәтижелері «жақсы» деп бағаланды.

Бас медициналық басқарма бастығы әскердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін атап өтті. Іс-шараларды өткізу барысында қабылданған шаралар Қарулы Күштерде COVID-19 індетін жұқтырғандар санының өсуіне мүмкіндік бермейді.

Қорғаныс министрі алдын алу шараларын сақтай отырып, жоспарланған іс-шараларды толық деңгейде орындау қажеттігін атап өтті.

Көктемгі әскерге шақыру науқаны қарсаңында әскерге шақырылушыларды да, сондай-ақ Қарулы Күштер қатарынан запасқа шығарылатындарды да ПТР-тестілеумен қамтамасыз ету жөнінде нұсқаулар берілді. Бұдан басқа, өткен жылы әскерге шақыру мерзімдерінің ауыстырылғанын ескере отырып, осы жылдың көктем мен жаз айларында сарбаздар запасқа шығарылады. Осыған сәйкес жас толымдарды әскери бөлімдерге бөлу жоспарын түзету қажет.

Қорғаныс ведомствосының басшысы офицерлік құрамды аттестаттау шеңберінде аттестациядан өтетіндердің қызметтік іс-әрекетінің тиімділігіне назар аударуды, бағалауды қағаз жүзінде ғана үстірт жүргізіп, субъективті көзқарасқа жол бермеуді тапсырды. Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев қолбасшылықтың басты міндеті – болашақта жоғары басшылық лауазымдарды атқаратын үздік офицерлерді анықтау және олардың қызметі бойынша өсуіне көмектесу екенін атап өтті.

Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында гарнизондарда спорттық-бұқаралық жұмысты нығайту, оған әскери қызметшілерді ғана емес, сонымен қатар олардың отбасы мүшелерін де барынша тарту тапсырылды. Ол үшін оқу-материалдық базаны және әскери бөлімдердің спортшы-нұсқаушыларын жұмысқа тарту жоспарлануда. Ал гарнизондардағы спорт кешендерінің базасында балаларға арналған спорт үйірмелері ұйымдастырылатын болады.

Биыл 29 қаңтарда өткен бірлескен кеңесте Қорғаныс министрлігі мен ТЖМ арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде әскери техниканың табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жоюға қатысуға дайындығын тексеру туралы нұсқаулар берілді. Көктемгі кезең жақындаған сайын гарнизондардың бастықтарына орын алуы ықтимал су тасқынына қарсы іс-шараларға Төтенше жағдайлар жөніндегі өңірлік бөлімшелермен бірлесіп қатысу мәселелерін пысықтауға нұсқау берілді.

Сондай-ақ қорғаныс ведомствосының басшысы өнеркәсіптік кәсіпорындармен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен Қазақстан әскер үшін қажетті тәжірибе-құрастыру жұмыстарын ұйымдастыру мен әскери өнім шығару жөнінде өзара іс-қимылда неғұрлым белсенділік, ұйымдастырушылық қабілет көрсетуді тапсырды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы