«Қару 2021»: Түркістандық полицейлер сегіз күнде 36 дана қару алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістандық полицейлер сегіз күнде 36 дана қару алды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Түркістан облысында 17 мамыр мен 17 маусым күндері аралығында «Қару 2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – тиісті қоғамдық тәртіпті сақтай отырып, атыс қаруын қолданып жасалатын қылмыстардың алдын алу және жолын кесу. Сонымен қатар облыс аумағында азаматтық және қызметтік қару айналымына тиімді мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру. 

Атап айтсақ, Түркістан облысында «Қару» іс-шарасының сегіз тәулігінде жалпы 36 қару алынған. Оның 25-і аңшы қару, екеуі тапанша, екеуі травматикалық тапанша, төртеуі шолақ мылтық және екі газды тапанша, бір қолдан жасалған тапанша. Сондай-ақ 3710 қару иелері тексеріліп, 242 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның арасында заңсыз қару сақтау бойынша 20 хаттама, қарудың сақтау ережелерін бұзу бойынша 195 хаттама, қаруды тіркеу және қайта тіркеу тәртібін бұзу бойынша 47 хаттама толтырылды. 

Мысалы, Арыс ауданының өзінде полицейлермен 284 үй тексерілген. Ауданда анықталған әкімшілік құқық бұзушылық саны 18. Оның барлығы ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабымен тіркеуге алынды. Жедел-профилактикалық іс-шара кезінде жергілікті тұрғыннан тіркелмеген бір дана газды тапанша алынып, сараптама тағайындалды. Осы жайт ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабымен тіркеліп, жинақталған іс-құжаттары заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері қаруды дер кезінде тіркеп, оның сақтау ережелерін бұзбауға кеңес береді. Қару, оқ-дәрілеріңіз болса, заңға сәйкес құжаттандырылғанын қадағалаңыз. Ал полицейлер, заңсыз айналымнан қаруларды алу бойынша іс-шараларды жүйелі түрде жүргізе бермек. Сондықтан мұндай іс-шаралардың өткізілуі маңызды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы